Абайдың «Қара сөздерінің» жанры: білу, түсіну, бағалау парадигмалары
DOI:
https://doi.org/10.26577/EJPh.2022.v186.i2.012Аннотация
Мақалада қазақ халқының ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының «Қара сөздерінің» жанрлық ерекшеліктерін білу, түсіну, бағалау парадигмалары қарастырылады. Абайдың «Қара сөздері» қоғамдық-әлеуметтік, философиялық, танымдық-тағылымдық, көркемдік-эстетикалық мәні зор жанр үлгісі болып табылады. Абайдың «Қара сөздерінің» жанры мәселесі кеңестік дәуірде және одан кейінгі тәуелсіздік кезеңінде зерттеу нысаны болғаны белгілі. Сондықтан Абайдың қара сөздерінің жанрын білу, түсіну, бағалау бағытында осы күнге дейін абайтану ғылымында жинақталған ойлардың қорын саралаудағы негізгі мақсат қалыптасқан көптеген теориялық қағидалар мен тұжырымдарды, көзқарастарды заманауи ғылым жетістіктері тұрғысынан қайта саралау, әлі де жете білу, терең түсіну, жаңаша бағалау идеясы туындайды. Сондықтан Абайдың қара сөздерінің көркем проза үлгісі сипатындағы жанрлық ерекшеліктерін, поэтикалық құндылықтарын айқындаудың ғылыми және практикалық маңызы танылады. Осы тұрғыда Абайдың қара сөздерінің жанрын білу, терең түсіну, жаңаша бағалау бағытында М. Әуезов, А. Байтұрсынов, Х. Сүйіншәлиев, Р. Сыздықова, Ж. Дәдебаев сынды зерттеушілердің әдіснамалық-теориялық еңбектеріндегі талдаулар мен тұжырымдар салыстырылады, түсіндіріле пайымдалады. Автор Абайдың қара сөздерінің жанрлық ерекшеліктерін білу, түсіну, бағалау парадигмаларының тәуелсіздік кезеңінде жаңа бағытта өріс жайып келе жатқандығын, антропологизм, көркем рецепция, герменевтика ілімдерінің көру нүктесінен зерделене бастағанын дәйектейді. Абайтану және жанртану ілімдерінің негіздеріне сүйеніп, Абайдың «Қара сөздерінің» жанрлық табиғатының әралуан болып келуінің сыры мен сипаты әлі де тың ізденістерге мұқтаж екенін дәйектейді. Абайдың «Қара сөздерінің» жанрлық ерекшеліктерін білу, түсіну, бағалау парадигмаларын заманауи ғылым жетістіктері тұрғысынан жаңаша пайымдау нәтижесінде оның ауыз әдебиеті, шешендік сөз және шығыстық үлгілермен сарындас, эссеистикамен, публицистикалық түрлермен үндес көркем прозалық түр болғанмен, текаралық түр екені тұжырымдалады. Абайдың «Қара сөздерінің» жанрын білу, түсіну, бағалау парадигмаларын саралау, жаңаша зерделеу, ойтолғамдар қорыту абайтануға қосылған үлес болып табылады. Абайдың қара сөздерінің жанрын білу, түсіну, бағалау парадигмаларын заманауи көзқарас, әдіснамалар тұрғысынан жетілдіре зерделеудің тәжірибелік мәні айқындалады. Мақала AP08855683 «Абай ілімін білудің, түсінудің және қолданудың ғылыми негіздері мен теориялық тетіктері» ғылыми жобасы аясында жазылды.