Қазақ прозасында жерлеу рәсімінің бейнеленуі және этнодеформация
DOI:
https://doi.org/10.26577/EJPh.2022.v187.i3.015Аннотация
Мақалада қазақ әдебиетіндегі прозалық туындыларда кездесетін жерлеу рәсіміне байланысты салт-дәстүрлер мен этнодеформация жайында сөз болады. «Торқалы той, топырақты өлім» деген тіркесті бір қуаныш, бір қайғы мағынасында жиі қолданып жүрміз. Әр халықтың өзіне сай салт-дәстүрі, ырым-тыйымы, жөн-жоралғысы, түрлі рәсімдері барын білеміз. Осы рәсімдердің қай-қайсысы да түркі халықтарына ортақ болғанымен, әр халықтың өзіне тән өзгешеліктері де болатынын байқауға болады. Жыл өткен сайын дәстүрдің озығы бар, тозығы бар заманға орай кейбір дәстүрлер деформацияланып, өзгеріске ұшыраған. Олардың қандай сипатта болып, қалай этнодеформацияланғанын ғылыми зерттеулерден, көркем әдебиеттегі салт-дәстүрлердің орындалуы жағдайынан аңғаруға болады. Қайтыс болған кісіге қатысты арыздасудан бастап, мейрам суы, өлген адамның денесін сақтау және күзету, сүйекке түсу, жаназа шығару, жерлеу сияқты жоралғылардан бөлек естірту, қаралы үйге қаралы ту тігу, өлген кісіні жоқтау, қаралы үйге көңіл айту, өлген кісінің артын күтіп жетісі, қырқы, жүзі, жылдық асы беріледі. Мақалада осындай жоралғылардың мән-маңызы мен ұлттық танымдық ерекшелігі жайында дефинициялық талдау жасалады. Одан өзге қаралы атты күзеу, көшкенде қаралы аттың ер тоқымына қайтыс болған кісінің киімін жауып қойып оны бос жетекке алу, ас беруде қаралы атпен көрісу, қаралы туды жығу, көші-қонға қатысты салттар ерулік, қарулық, жұрт майлау, қымызмұрындық сынды ғасырлар бойы қалыптасқан әдет-ғұрыптардың көркем әдебиетте берілу жайы сөз болады. Әсіресе, қазақтың бар болмысын, ұлттық дәстүрін оқиғалармен байланыстыра сипаттайтын М. Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы арқылы жүйелі салыстырулар жасалып, мақаланың өзектілігі айқындалады.