«Басы – бапан, аяғы – сапан» мәтеліндегі көнерген сөздер
DOI:
https://doi.org/10.26577/EJPh.2022.v188.i4.09Аннотация
Қазақ тілі лексикасындағы динамикалық өзгерістер мәселесі соңғы жылдары ерекше өзектілікке ие болып отыр. Көптеген зерттеушілер көнерген сөздерді терең және жан-жақты зерттеу сөзсіз қызығушылық тудыратынын айтады, өйткені бұл сөздер тілдің сөздік құрамының дамуына әсер етеді. Үнемі жаңа сөздермен толықтырылатын тіл сондай-ақ белгілі бір себептерге байланысты қажет болмай қалған сөздерден бас тартады. Ал бұл сөздерді тілде сақтап қалатын – мақал-мәтелдер мен тұрақты тіркестер. Олар көнерген сөздер үшін саркофаг іспеттес. Бұл мақалада «Басы – бапан, аяғы – сапан» мәтелінде сақталған «бапан» және «сапан» көнерген сөздеріне талдау жүргізіледі. Қазақ тіл білімінде аталған сөздердің беретін мағынасына, этимологиясына қатысты пікірлердің бұрыс екені сөз болады. Тілдік талдау нәтижесінде«бапан» сөзінің – қамыстың басы, ал «сапан» сөзінің – қамыстың сабағы екеніне көз жеткізіледі. Қазақ тілінің деректері қырғыз тілі және басқа да түркі тілдерінің деректерімен салыстырылады. Зерттеудің мақсаты – мақал-мәтелдер құрамындағы көнерген сөздерді жеке алып қарастырудан гөрі, мәнмәтін аясында зерттеудің тиімділігін көрсету. Осы мақсатқа сәйкес аталған мәтелдегі көнерген сөздердің шығу төркінін және мағынасын анықтауға талпыныс жасалды.
Түйін сөздер: көнерген сөз, мақал, мәтел, этимология, паремиология.