Қазақ сөздерінің лексика-семантикалық тіркесімділігі
DOI:
https://doi.org/10.26577/EJPh.2022.v187.i3.013Аннотация
Мақалада тіркесімділік пен валенттілік ұғымдарының айырмашылығы қарастырылады. Тілдік жүйедегі тіркесімділіктің типтері ажыратылады. Мақаланың мақсаты – тіркесімділіктің қызметтері мен түрлерін анықтай отырып, оны тілдік категория ретінде тану. Мақалада дедуктивті, индуктивті әдістер, контент талдау әдістері қолданылды. Тілдік жүйеде лексикалық тіркесімділік заңдылықтарында болатын қателіктер талданды. Сондай-ақ қазақ сөздерінің тіркесімділік әлеуеті қарастырылды. Бірқатар сөздер 100-ден аса тіркес құруға әлеуетті болса, бірер сөздер талғанып тіркеседі. Қазақ тіліндегі тіркесу құбылысының стильдік, лексикалық, окказионалдық, перифразалық, атаулық ұғым қалыптастыру мақсатында жүзеге асатыны дәлелденді. Тіркес сөздердің жеке атаулық мағынаға айналу динамикасы да қарастырылды. Күрделі сөз бен тіркес сөздің аражігінде тіркесу заңдылығының өзгерісі талқыланды. Тіркесімділік жүйесінде лексикалық валенттіліктің маңызы ерекше екені көрсетілді. Сөздердің мағыналық жағынан өзара үйлесуі ғана жаңа атаудың (неологизмдер), күрделі сөздің (атаулы тіркес), бейнелі тіркестердің (перифразалар мен фразеологизмдер) тілдік қолданыстағы тұрақтылығын сақтайтыны анықталды. Мақалада ұсынылған талдаулар мен тұжырымдар қазақ тіліндегі валенттілік ұғымын зерттеуге, тіркесімділік заңын толықтыруға, тіркесімділікті категория ретінде дәлелдеуге ықпалын тигізеді. Тіркесімділік ұғымының – лингвистикалық категория екені әлемдік тіл білімінде дәлелденгенмен, қазақ тіл білімінде зерттеуді, дәйектеуді қажет етеді.