Қазіргі қолданыстағы тілдік үрдістер: норма мен узустық ерекшеліктер
Аннотация
Мақалада мемлекеттік тілдің бүгінгі таңдағы әлеуметтік лингвистикалық мәселелері талданады. Ұлттық әдеби тілдің дәстүрлі нормаларын сақтау, оның дамуындағы негізгі үрдістерді айқындау, жаңа нормалардың сипаттамасын жасау мен сөздің коммуникативті тәжірибеде берілу жолдарын жинақтап, жүйеге салу осымен байланысты қазіргі лингвистикалық антропоцентристік бағытқа сәйкес қазақ сөз мәдениетінің ұғымдары мен басты ғылыми ұстанымдарын айқындау, қайта қарап реттеу, нақтылау өзекті мәселелер саналады.
Кейде тілдің зор мәнін біле тұра дұрыс сөйлеу, дұрыс жазу, тіл тазалығын сақтау, жалпы сөз мәдениетін қадағалап отыру жағы жетіспей жатады. Осының салдарынан тілімізде кедір-бұдыр, жонылмаған, сүреңсіз сөйлемдер, шәлкес тіркестер, орфографиялық қателер көп кездеседі. Тілі мен ойлау, сөйлеу өрісін тарылта бастаған бүгінгі жаһандану дәуіріне өзінің сөз байлығы мен ой-өрісін сақтап, аман жеткен қазақ тілі үшін де бұл мәселе өзекті. Негізгі мақсат та осы. Тілдік норма / әдеби норманы біріздендіру және қалыптандыру тілді пайдаланушылардың тіл мәдениеті деңгейін көтеруге, тіл байлығын толықтыруға, сондай-ақ мемлекеттік тіл ретіндегі қазақ тілінің толыққанды қызмет атқаруын қамтамасыз етуге ықпал етеді. Мақалада норма – тілдік норма – әдеби норма, узус ұғымдарының өзара байланысы және ұғымдық айырым белгілері, дәстүрлілік және ішкі динамикалық тәрізді норманы сипаттайтын белгілер талданады.
Ш.Құрманбайұлы, Ж.Жақыпов, Т.Ермекова, О.Жұбаева, Б.Сүйерқұл, Н.Қожабек, А.Әлменбет ғалымдардың бірлесе шығарған «Сөзтүзер» қате қолданыстар сөздігінде келтірілген мысалдар дәстүрлі түрде талданады. Сондай-ақ норма мен узустың аражігін айқындауда тілдік фактінің қолданылу жиілігі негізгі өлшемдер ретінде алынды.