Қазақ-түрік тілдеріндегі «көк» түсінің танымдық сипаты
DOI:
https://doi.org/10.26577/EJPh.2023.v192.i4.ph10Аннотация
Түр-түс атаулары – адам санасында өмірлік тәжірибе негізінде бекіген эмоционалды күй мен жағдайлардың байланысы, шындық бейнесі, әлемді танудың құралы. Қазіргі таңда тілімізде түр-түс атаулары мол болғанымен олардың түсін түстеп, өңін реңктік тұрғыдан ажырата білу ұлттық тіл үшін аса маңызды. Түр-түс атауларының атын біліп, бірақ санамызда ол белгілі бір реңкпен ассоциацияланбаса бұл түстік атаулар уақыт өте келе тілдік қолданыстан мүлде жойылып кетеді. Яғни, түр-түстің тек атауларын біліп қоймай, оны тұрмыста да қолдануымыз қажет.
Мақалада қазақ-түрік тілдеріндегі «көк» түсінің танымдық сипаты, зерттелу тарихы, ұқсастығы мен айырмашылықтары көрсетілді. Зерттеу барысында қазақ тіліндегі «көк» түсінің когнитивтік сипатын, оқушы танымын дамыту қызметтерін анықтау мақсатында эмпирикалық зерттеулер жүргізілді. Қазақ және түрік ғалымдарының «көк» түсіне байланысты зерттеулері ұсынылды. Жастардың тілдік әлеміндегі «көк» түсінің көрінісін сипаттау үшін І.Жансүгіров атындағы Жетісу университеті студенттері арасында сауалнама алынды. Сонымен қатар кесте түрінде қазақ тіліндегі көк түсінің түрікше баламалары берілді. Жалпы рең және реңк атауларына анықтама беріліп, аталмыш кестеде мағынасы сәйкес келетін және мағынасы сәйкес келмейтін реңктер анықталып, көрсетілді.
Зерттеудің нәтижесі бойынша қазақ тіліндегі реңктерді, түстердің айырмашылығын білдіретін сөздер түрік тіліне қарағанда көбірек. Түр-түс мағыналары мен символдар жүйесі – дәстүрлі танымда ғалам бейнесінің қабылдануына негіз болатын кодтардың бірі. Түр-түс атауы тілдік мүмкіншіліктердің өрісін кеңейте түсуге қажетті, әсерлі де әсем, бейнелі де айшықты сөз өрнегі болып саналады.
Түйін сөздер: түр-түс атауы, қазақ-түрік, рең, реңк, көк, символ.