Қазіргі қазақ, қырғыз және өзбек әңгімелеріндегі фольклоризмдер
DOI:
https://doi.org/10.26577/EJPh.2024.v195.i3.ph013Аннотация
Мақалада қазіргі қазақ, қырғыз және өзбек әңгімелеріндегі фольклорлық мотивтер (пост)отаршылдық көрінісін сипаттайтын белсенді көркемдік бірлік ретінде салыстырмалы-тарихи, мәдени-тарихи және типологиялық әдістер ыңғайында қарастырылады. Талданған әңгімелерде ағаш культіне байланысты ырым-тыйымдар, топонимдік аңыздардың шығармаға кіріктірілу себептері, адамның тау-тасқа айналу мотиві немесе мифтік құбылуы сынды фольклорлық үлгілер әртүрлі постотарлық мағынаны интерпретациялауға қызмет етеді. Зерттеу нысаны ретінде алынған өзбек әдебиетінің өкілі Муяссар Тиловованың «Өмір ағашы», қазақ қаламгері Лира Қоныстың «Алма ағашының құдайы» әңгімелеріндегі ағаш тотемі әрбір халықтың тарихи кезеңдерін, ұлттық дүниетанымын танытатын архетип бейне ретінде айқындалса, қырғыз қаламгерлері Топчүгүл Шайдуллаеваның «Келін тас», Султан Раевтың «Топырақ» туындыларындағы киелі мекен, туған жер, топырақ феномендерінің этнос санасындағы бір-бірімен ассоциативті байланысы көрсетіледі.
Қазақ жазушысы Серік Сағынтайдың «Жалмауыз» шығармасында сталиндік қуғын-сүргін құрбанына айналған адамдардың әртүрлі ұлттарға арналған жазалау лагеріндегі (Қарлаг) аштықтан өлген қайғылы және азапты күндері баяндалады. Тұтқынға түскен қазақтардың адам төзгісіз жағдайларға қарамастан, адамдықтан аттамай, дінін, туысқа деген жақындығын, еліне деген сүйіспеншілігін жоғалтпауы – рух-жігерінің мықтылығын көрсетеді. С. Сағынтайдың «Жалмауыз» әңгімесі тақырыбы, идеясы және стилі жағынан алғанда Қарлагтағы қазақтардың қасіретті күйі туралы жоқтау сарынына негізделген ерекше әңгіме саналады. Исажон Султонның «Тас келіншек» топонимінің этимологиялық қыры әдебиеттанулық аспектіде жан-жақты интерпретацияланады. Әңгімені талдау барысында киелі жерлерге қатысты айтылатын жаратылыс құпиялары мен табиғат тылсымы туралы ғылымдағы кейбір көзқарастарға да сараптама жасалған. Киелі мекен мен әулие ағаш, туған жер образдарының жалпы түркі халықтарының дүниетанымына тән ерекшеліктерімен қоса, киелі нысандардың мистикалық, сакральды қасиеттері, символдық-семантикалық мәні талданады.
Түйін сөздер: топонимдік аңыз, архетип, тотем, киелі мекен, фольклор.