Ахмет Байтұрсынұлының лингвистикалық мектебі: Қасым Тыныстанов және XX ғасыр басындағы қырғыз ұлттық әліпбиі
DOI:
https://doi.org/10.26577/EJPh.2024.v195.i3.ph07Аннотация
Мақалада Ахмет Байтұрсынұлы мен Қырғызстанның мемлекет қайраткері, қырғыз тіл білімінің негізін қалаушы Қасым Тыныстановтың лингвистикалық мұрасы, оның ішінде әліпби, емле мәселесіне арналған ғылыми еңбектері салыстырыла талданады. Тыныстановты Байтұрсынұлының лингвистикалық мектебінің өкілі ретінде қарастыра отырып, ХХ ғасыр басында Тыныстанов қалыптастырған қырғыз әліпбиі мен емлесіндегі Байтұрсынұлы идеясы, ғылыми теориясы анықталады. Зерттеуде Қ.Тыныстановтың 1924 жылы жарық көрген «Оқу кітабы» атты оқу құралы мен 1927 жылы жарық көрген «Оқу-жазу біл» атты еңбегі дереккөз ретінде алынып, арабграфикалы қырғыз әліпиінің 1912-1924 және 1925-1928 жылдардағы екі кезеңі Байтұрсынұлының 1912-1922, 1923-1924, 1925-1929 жылдардағы әліпбилерімен және оның емле ережелерімен салыстыра талданады. Сондай-ақ Қ.Тыныстановтың латын әліпбиі туралы көзқарасы 1926 жылы Бакуде өткен Бүкілодақтық 1-түркологиялық құрылтай материалдары негізінде баяндалады. Зерттеу нәтижесінде Қ.Тыныстанов әліпби мен қырғыз емлесінің Ахмет Байтұрсынұлы әліпбиі мен емлесіне ұқсастығы, Қ.Тыныстановтың Байтұрсынұлы лингвистикалық мектебінің өкілі екені дәйекті талдау, түпнұсқа дереккөз материалдар арқылы дәлелденеді.
Түйін сөздер: А.Байтұрсынұлы, Қ.Тыныстанов, әліпби, емле, жазу.