Қазақ тіліндегі баспана атауларының тілдік санадағы көрінісі
DOI:
https://doi.org/10.26577/EJPh202519718Аннотация
Адамзаттың жер бетінде пайда болған сәтінен бастап қазіргі таңға дейін өмір салтының бір бөлігі болып келе жатқан баспана ешуақытта өз өзектілігін жоғалтпасы хақ. Бұл мақалада баспана атауларының семантикасы мен мәдени маңызы қарастырылған. Адамзаттың өмір салтының маңызды бөлігі болып табылатын баспана тек тұрғын үй ғана емес, сонымен қатар қоғамның мәдениеті мен әлеуметтік құрылымының айқын көрінісі ретінде қарастырылған. Мақаламызда ертеден келе жатқан баспана атаулары мен заманауи баспана атауларына байланысты тілдік бірліктер жинақталды. Зерттеуде қазақ тіліндегі баспана атауларының тарихи және заманауи өзгерістері, сондай-ақ олардың тілдік санадағы көрінісі зерттелді. Ерте замандардан қазіргі уақытқа дейін баспана атауларының өзгеру үрдісі, қала мен ауыл мәдениеті арасындағы айырмашылықтар талданған. Қала және ауыл мәдениетіндегі баспана атаулары жеке топтарға бөлініп, әрбір топтың өзіндік ерекшеліктері анықталды. Сонымен қатар, қазақ және қазақ тілді респонденттер арасында сауалнама жүргізіліп, ассоциативті талдау әдісі қолданылды. Зерттеу нәтижесінде баспана атауларының қазіргі таңда жаңа пішіндер мен құрылымдарға ие болғаны, бірақ олардың негізгі функцияларының өзгермегені белгілі болды. Көнерген сөздер мен жаңа заманауи баспана атауларының қалыптасуы да зерттеліп, олардың тілдік санада орныққандығы көрсетілді.
Баспана тек сәулет өнері ретінде ғана емес, қазақ қоғамында отбасы мен тұрмысқа қатысты аса маңызды түсінікке айналғанын анықтадық. Кейбір баспана атаулары қазіргі тілде қолданылмай, көнерген сөздер қатарына қосылған. Сонымен қатар, заманауи талаптарға сәйкес пайда болған жаңа баспана атауларының санамызда орнығуы талданды. Мысалы, пентхаус, вилла, коттедж сияқты жаңа терминдер адамдардың зәулім, әсем үйлер, үлкен отбасы мен байлық ұғымдарымен байланысып, олардың санасында айқын бейнелер қалыптастырды. Өркениеттің өзгеруіне байланысты баспана атаулары жүйеленіп, бұл үрдісті түсіндіру үшін мақал-мәтелдер мен фразеологизмдер келтірілді.
Түйін сөздер: ұғым, «баспана» атаулары, ассоциативті эксперимент, семантика, ұлттық таным, әлеуметтік құндылықтар.