«Мұтылған» – қазақ метароман жанрының алғашқы үлгісі
DOI:
https://doi.org/10.26577/EJPh.2024.v196.i4.ph18Аннотация
Әлібек Байболдың алғашқы қазақ метароманы – қазіргі қазақ әдебиетін байытатын жаңашыл туынды. Бұл романда Байбол авторлық түсініктемелер, мәтін құру үдерісі туралы ойлар және оқырманмен белсенді қарым-қатынас сияқты мета-баяндау элементтерін пайдаланады. Бұл дәстүрлі баяндау формаларын қайта қарастыруға және қазіргі Қазақстанның әлеуметтік және мәдени шындықтарын түсінуді тереңдетуге мүмкіндік береді. Роман авторлардың да, оқырмандардың да сыни ойлауы мен өзін-өзі тануын ынталандыратын ұлттық әдебиеттің дамуындағы маңызды кезең ретінде қызмет етеді. Роман оқиғалары мен нақты тарихи және мәдени оқиғалар арасындағы байланыс тереңде жатыр. Шығармадан «Ояну» мотивін анық байқауға болады. Автор романда қазіргі Қазақстанның әлеуметтік және мәдени шындықтарының көрінісін тұспалдап жеткізеді. ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы түркі халықтарының әдебиетінде «ояну» тақырыбы кеңінен көтерілді. Ол кезеңде өз ұлтының өркениет көшінен кеш қалып қоймауын күйіттеген ақындар шығармаларында ұлттық бірлік пен рухани тұтастықты жырлағаны белгілі. Ал бұл мақалада метароманның әдеби шығармашылықтың жаңа стандарттарын белгілеп қана қоймай, Қазақстанның бірегей және өзіндік әдеби дәстүрін құра отырып, қазақ әдебиетінің әлемдік әдеби процеске интеграциялануына ықпал етуі талданады.
Түйін сөздер: қазақ романы, метароман, метапроза, Әлібек Байбол, «Мұтылған» романы.