Жетісу хоронимінің табиғи-географиялық, саяси-әкімшілік және тарихи-лингвистикалық негіздері
DOI:
https://doi.org/10.26577/EJPh2025200414Аннотация
Мақалада Жетісу хоронимі табиғи-географиялық, тарихи-лингвистикалық, саяси-әкімшілік тұрғыдан қарастырылады. Топонимикадағы хороним терминінің білдіретін ұғымына сәйкес Жетісу жерінің хоронимдік ерекшеліктері ашылады. Қазақ топонимикасындағы хоронимдерді сипаттайтын терминдер жинақталып, топтастырылып, мағынасы талданып, ерекшеліктері көрсетіледі. Тарихи-географиялық, мәдени-экономикалық, саяси әдебиеттерде жер-су атаулары, оның ішінде, хоронимдер жиі кездеседі. Осы тәрізді мәтіндерде хоронимдермен тіркесіп қолданылатын аймақ, өлке, өңір, атырап, алқап, алап, аумақ, аудан, жер, жазық, дала, ұлыс, орда, жүз, уәлаят, облыс, округ тәрізді атаулардың мән-мағынасы мен қолданысы талданып, Жетісу жерінің географиялық, тарихи-этникалық, саяси-әкімшілік қырларымен байланысты ашылады.
Атап айтқанда, хороним терминдік ұғымы аймақ, өлке, өңір, атырап, алқап, алап, аумақ, аудан, жер, жазық, дала, ұлыс, орда, жүз, уәлаят, облыс, округ тәрізді атаулардың басын біріктіріп, бір-бірімен тығыз байланысты жүйеде қарастырады. Зерттеуде Жетісу хоронимін құрайтын түрлі атаулардың ерекшеліктері диахрондық және синхрондық түрде сипатталып, Жетісу жерінің ерекшеліктерімен сабақтастықта қарастыру өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Алайда, зерттеудің бұл айтылған өзектілігі географиялық кеңістікті категориялауға (аудандастыруға) қатысты әртүрлі тарихи, этномәдени дереккөздерде терминдік нақтылық болмағандықтан бұл жайтты қарастырып жүйелеу зертеудің маңызын арттырады. Зерттеу нәтижесінде аталған терминдердің семантикалық әлеуеті мен Жетісу хоронимінің мазмұн межесі айқындалып өзара сәйкестігі және Жетісу өлкесі, Жетісу өңірі, Жетісу аймағы, Жетісу облысы, Жетісу атырабы, Жетісу алқабы тәрізді тіркесті атаулардың қолданыс ерекшеліктері көрсетіледі.
Сондай-ақ, мақалада Жетісу жерінің табиғи және әкімшілік аймақ болуына байланысты терминдік ұғымдармен аталу ерекшеліктері талданады. Атап айтқанда, табиғи-ландшафттық аумақ ретінде Жетісу атауы жер, жазық, дала, аумақ, аудан, алқап, алап, атырап, өңір сөздерімен тіркессе, кратоним ретінде өлке, аймақ, уәлаят, облыс, округ, ұлыс, орда, жүз сөздерімен байланысады. Әкімшілік сипаттағы терминдердің ішінде Жетісу жерінің этникалық қырымен байланысатын аймақ, ұлыс, орда, жүз терминдерінің тарихи мағыналары мен қолданысына талдау жасалады. Сондай-ақ, орыс, ағылшын тілдеріндегі регион, территория, край, area, region, territory терминдері де жоғарыдағы үлгіге сай топтастырылып, қарастырылады.
Түйін сөздер: хороним, кратоним, Жетісу, тарихи-географиялық аумақ, саяси-әкімшілік аймақ, тарихи-этникалық аймақ.
