Aқын-жыраулар поэзиясындағы орнитонимдік компоненттердің этномәдени репрезентациясы
DOI:
https://doi.org/10.26577/EJPh202519715Аннотация
Лингвистикалық зерттеулер арқылы белгілі бір этностың құндылықтар жүйесін құрайтын іргелі компоненттер мен ұғым-түсініктердің рухани кеңістіктегі этномәдени мазмұнын табуға болады. Тілді адаммен, мақлұқатпен (ұшқан құс), әлеммен тығыз байланыста зерттеу антропоцентристік парадигманың басым бағыты саналады. Этностың тарихи мәдениетіндегі ақын-жыраулар поэзиясындағы орнитонимдердің басым қолданысынан әлемнің ұлттық бейнесін түзудегі халықтың тұрмысын, мәдениетін, географиялық жағдайын, салт-дәстүрін көруге болады.
Ақын-жыраулар поэзиясындағы орнитонимдік компоненттердің қолданысынан этноқауымдастық өкілдерінің когнитивтік санасындағы аспан мен жерді жалғаушы құстар әлеміне қатысты мәдени-танымдық қатынасын ғана емес, аналогия, зоология, орнитология, ботаника ілімдерінің халықтық білім мазмұнын да кешенді түрде тануға болады. Жыраулар поэзиясындағы орнитонимдер рухани қазынаның тарихи қатпарындағы құстар әлемінің ұлттық болмысын тілмен сабақтас қарастыратын этномәдени зерттеулерге негіз болады.
Зерттеу материалында ақын-жыраулар поэзиясындағы орнитонимдік компоненттер арнайы нысан ретінде қарастырылып, ұлт мәдениетіндегі орнитонимдердің мәдени-танымдық, тілдік, бағалауыштық, этникалық сипаттары теориялық және практикалық тұрғыдан жан-жақты зерделенеді. Ақын-жыраулар поэзиясындағы құстар әлемінің тілдік тұрғыдан бейнеленуі ұлт мәдениетіндегі орнитонимдердің орны, құс атауларының семантикасы, этнографиялық табиғаты, лингвомәдени семантикалық коды лингвистикалық аспектіде қарастырылады. Зерттеу материалындағы орнитонимдік компоненттер ұлттық болмыстың этномәдени сипатын тілдік тұрғыдан тануға деген талпынысқа бағытталады. Мұндай зерттеулер этностық ұжымдық санасындағы қалыптасқан әлемнің бір бөлшегі орнитонимдердің ұлттық-мәдени құндылық екендігін негіздейді.
Тарихи көркем мәтіндердегі орнитонимдік компоненттер тіл иесі этностың «құстар әлемінің тілдік бейнесін» зерттеудің лингвомәдени ұстанымдар негізінде аксиологиялық, символдық, архетиптік, этнографиялық мәнділіктері талданады. Жыраулар поэзиясындағы орнитонимдік компоненттердің тілдік бейнесін зерттеу барысында көптеген лингвомәдени талдау мен компоненттік талдау әдіс-тәсілдері кеңінен қолданылады. Этнос өкілдері табиғаттың әр бөлшегін (орнитонимдерді) жете таныған. Этностың табиғатпен бірлескен мәдениетіндегі үйлесім үдерісінің үлгісі жыраулар поэзиясындағы орнитонимдік компоненттердің қолданысынан бейнелілік, ұғымдық, құндылықтық сипаттары ғылыми тұрғыдан анықталады.
Түйін сөздер: ақын-жырау, көркем мәтін, поэзия, орнитоним, компонент, этнос, руханият, мәдениет.