«Жалпы тіл білімі» пәнін оқыту үдерісінде студенттердің ғылыми-танымдық әлеуетін қалыптастыру: әлеует және құзыреттілік
DOI:
https://doi.org/10.26577/EJPh2025200422Аннотация
Мақалада жоғары оқу орнында «Жалпы тіл білімі» пәнін оқыту үдерісінде студенттердің ғылыми-танымдық әлеуетін қалыптастырудың теориялық-әдістемелік мүмкіндіктері айқындалады. Зерттеудің мақсаты – әлеует пен құзыреттілік ұғымдарының арақатынасын нақтылап, аталған пән мазмұны арқылы ғылыми ойлау мен зерттеушілік белсенділікті дамытатын құзыреттер жүйесін негіздеу. Әдіснама ретінде отандық және шетелдік педагогика, психология, лингвистика еңбектерін жүйелеу, салыстырмалы талдау, «Жалпы тіл білімі» курсына арналған оқулықтар мен іргелі еңбектерді іріктеп-талдау, дәстүрлі және инновациялық оқыту әдістерінің тиімді тетіктерін салыстыру тәсілдері қолданылды. Нәтижелер әлеуеттің латентті мүмкіндіктер мен ресурстарды, ал құзыреттіліктің нақты іс-әрекетте көрінетін білім-дағды кешенін сипаттайтынын көрсетеді; демек, құзыреттерді мақсатты қалыптастыру ғылыми-танымдық әлеуеттің өсуін қамтамасыз етеді. Мақалада пәндік, пәнаралық, метапәндік және зерттеушілік құзыреттерді студент әлеуетін арттырудың өзекті өзегі ретінде ұсыну, олардың құрамдас компоненттерін (танымдық, әрекеттік, коммуникативтік, рефлексивтік) оқу тапсырмаларымен ұштастыру жолдары талданады. Қорытындыда «Жалпы тіл білімі» курсы болашақ филологтың функционалдық сауаттылығын, сыни ойлауын және ғылыми зерттеу мәдениетін қалыптастырудың базалық алаңы екені дәлелденеді.
Сонымен бірге мақалада ғылыми-танымдық әлеуетті арттыруға бағытталған тапсырмалар кешенін құрастыру принциптері (проблемалық сұрақ қою, дерекпен жұмыс, шағын зерттеу, академиялық аргументация, рефлексия) және оларды бағалау өлшемдері қысқаша сипатталады. Ұсынылған тұжырымдар оқу бағдарламасын жаңғыртуға, цифрлық / корпустық деректермен жұмысқа бейімделген зерттеушілік әрекетті енгізуге және студенттің жеке оқу траекториясын ғылыми мақсатпен байланыстыра жоспарлауға негіз бола алады.
Түйін сөздер: жалпы тіл білімі, ғылыми-танымдық әлеует, құзыреттілік, зерттеушілік құзырет, метапәндік дағдылар, болашақ филолог.
