Tілдегі белсенді үдерістер: қостілді қоғамда тіл мәдениетін қалыптастырудағы код ауыстырудың рөлі
DOI:
https://doi.org/10.26577/EJPh202520042Аннотация
Мақалада тілдік код ауыстыру (code-switching) құбылысы қазіргі қоғамның көптілді кеңістігіндегі өзекті лингвистикалық және әлеуметтік-мәдени құбылыс ретінде қарастырылады. Авторлар код ауыстыруды тек грамматикалық немесе фонетикалық құбылыс емес, сонымен қатар коммуникативтік стратегия мен мәдени сәйкестік көрсеткіші ретінде сипаттайды. Зерттеуде тілдердің өзара ықпалы мен қарым-қатынастағы функционалдық рөлдері талданып, код ауыстырудың типтері мен түрлері теориялық тұрғыда сарапталады.
Зерттеу жұмысында код ауыстыруды түсіндіруде К. Майерс-Скоттонның «матрицалық тіл фреймі» моделі, П. Майскеннің код ауыстыру типологиясы және Дж. Гамперц пен Ж.-П.Блумның метафоралық және жағдаяттық код ауысу теориялары басшылыққа алынған. Зерттеуде көптілді қоғамдағы тұлғаның тілдік мінез-құлқы мен сөйлеу динамикасына ерекше назар аударылады. Қазақ және орыс тілдерінің қатар қолданылуының әлеуметтік негіздері, сонымен бірге ағылшын тілінің қазіргі жастар арасындағы ықпалы қарастырылады. Авторлар код ауыстырудың себептерін тілдік жағдайдың ерекшелігімен, әлеуметтік мәртебемен және мәдени бейімделу процестерімен байланыстырады. Бұл құбылыс тұлғаның коммуникативтік бейімделуін, тілдік икемділігін және мәдени көпқабаттылығын көрсететін табиғи процесс ретінде бағаланады.
Сонымен қатар тілдердің өзара әсері мен аралас қолданылуының ұлттық бірегейлік пен әлеуметтік интеграция үдерісіндегі маңызы айқындалады. Зерттеу нәтижесінде тілдік кеңістіктегі код ауыстыру құбылысы тілдердің функционалдық өзара байланысын көрсететін және әлеуметтік-коммуникативтік бейімделуді жүзеге асыратын маңызды механизм ретінде танылады.
Түйін сөздер: код ауыстыру, тілдегі белсенді үдерістер, сөз этикеті, тіл мәдениеті.
