Модалділік категориясының лингвомәдени аспектісі
DOI:
https://doi.org/10.26577/EJPh2025200413Аннотация
Бұл мақалада модалділік категориясы қазақ тілінің лингвомәдени кеңістігі тұрғысынан сипатталады. Модалділік – сөйлеушінің хабарға, әрекетке, тыңдарманға қатынасын білдіретін көпқырлы құбылыс; ол тек грамматикалық тұлғаларға (рай, болымдылық-болымсыздық) ғана емес, мәдени кодтар мен дискурс түрлеріне де арқа сүйейді. Қазақ тілінде модаль мәндер халықтық этикалық өлшемдермен, салт-дәстүрмен, сөйлеу этикетімен табиғи түрде астасады.
Зерттеудің мақсаты – осы мәдени өлшемдермен астаса көрінетін модаль мағыналардың типтерін жүйелеу және олардың қызметін жанрлық, прагматикалық, әлеуметтік қырларымен бірге түсіндіру.
Зерттеу материалдары ретінде Абай шығармалары, М. Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясы, сондай-ақ бата-тілек, тыйым сөз, шешендік үлгілер алынды. Зерттеу жұмысына мағыналық-прагматикалық талдау, лингвомәдени интерпретация және контексті сипаттама әдістері тірек болды.
Нәтижесінде қазақ сөйлеу мәдениетінде міндеттеу мен тыйымның көбіне сыпайы берілуі, қалау мен рұқсаттың этикалық ізгілікпен айқасуы, болжал мен мүмкіндік арқылы келісімге келу стратегиялары қалыптасқаны айқындалды. Модаль маркерлер жалаң грамматикалық белгі емес, ұлттық дүниетаным мен қоғамдық қатынастың тілдік айнасы екені дәлелденді.
Зерттеу жұмысында алынған қорытындылар модалділіктің қажеттілік, міндеттілік, тыйым, рұқсат, мүмкіндік, болжал, қалау сияқты семантикалық өрістерін бата, ант, тыйым, кеңес, шешендік сөз тәрізді жанрлық үлгілермен және аманат, ұят, обал-сауап, қонақжайлық, бірлік сынды құндылық кодтарымен тоғысатынын көрсетті. Зерттеу нәтижесінде алынған тұжырымдар тіл үйрету, ресми-қоғамдық коммуникация үшін әдістемелік бағдар ұсынады.
Түйін сөздер: дискурс, лингвомәдени кеңістік, модалділік категориясы, мәдени өлшем, когнитивті мазмұн.
