Mедицина терминжүйесіндегі сүйек-буын атауларының сөзжасамдық модельдері
DOI:
https://doi.org/10.26577/EJPh202520043Аннотация
Бұл мақала медицина терминжүйесіндегі сүйек-буын атауларының қазақылануы барысында қалыптасатын сөзжасамдық модельдерді құрылымдық және уәждемелік тұрғыдан жүйелеуге арналған. Зерттеудің өзектілігі медицина саласының халықаралық стандартталған терминологиялық қабаты мен ұлттық тілдік норма талаптарының тоғысында туындайтын біріздендіру, кодификациялау және лексикографиялау мәселелерімен айқындалады. Материалдық база ретінде сүйек-буын жүйесіне қатысты атаулардың халықаралық жіктемелерде берілген үлгілері, Қазақстандағы ресми бекітілген терминдік нұсқалар, терминологиялық сөздіктер және нақты тілдік қолданыстағы деректер кешені салыстырмалы түрде қарастырылады. Зерттеудің мақсаты – сүйек-буын ұғымдарын білдіретін қазақыландырылған терминдердің жасалу жолдарын айқындап, оларды сөзжасамдық модельдер бойынша типологиялау және модельдердің өнімділік сипатын көрсету. Талдау нәтижесінде сүйек-буын атауларын қалыптастыруда аналитикалық модельдердің (анықтауыш+анықталушы, сандық-иерархиялық және локативтік құрылымдар) басымдығы байқалады; калькалық үлгілер халықаралық компоненттік қаңқаны сақтай отырып терминнің трансшекаралық танымалдылығын қамтамасыз етеді; синтетикалық тәсілдердің үлесі салыстырмалы түрде шектеулі; ал гибрид құрылымдар ұлттық терминқордың өтпелі кезеңін сипаттайтын құбылыс ретінде көрінеді. Сонымен бірге нормативтік дереккөздер мен клиникалық / оқулық қолданысы арасында варианттылықтың бар екені анықталып, оны реттеу үшін сөзжасамдық модельге сүйенген біріздендірудің қажеттілігі негізделеді. Зерттеу нәтижелері қазақ тіліндегі медициналық терминдерді стандарттау, салалық сөздіктерді толықтыру және электронды терминқорды жүйелеу жұмыстарына қолданбалы негіз бола алады.
Түйін сөздер: ұлттық терминология, медицина терминжүйесі, қазақыландыру үдерістері, сөзжасамдық модельдер, сүйек-буын атаулары.
