КӨРКЕМ ШЫҒАРМАДАҒЫ РЕАЛИЯЛАРДЫҢ ҚЫЗМЕТІ (Смағұл Елубайдың «Ақ боз үй» романы негізінде)
Аннотация
Реалиялар – ұлттық кодтың тілдік көрінісі. Олар белгілі бір ұлттың географиялық ортасынан, тарихынан, тұрмыс-тіршілігінен, салт-дәстүрінен, шаруашылығынан танымдық хабар береді. Сондай-ақ, олардың стилистикалық қызметі де бар. Көркем шығармадағы реалияларды өзге тілдерге аударғанда реалиялардың танымдық мәні сақталғанымен, прагматикалық және стилистикалық қызметі қалып қояды. Aударматану саласында көркем шығармадағы реалиялардың қызметіне тоқтаған зерттеулер саны кемде-кем. Берілген мақалада реалиялардың қызметтерін қарастырған зерттеулерге шолу жасалып, Смағұл Елубайдың «Ақ боз үй» романындағы реалиялардың қызметі атап көрсетілген. Автор романдағы мәдени маркері бар лексикалық бірліктердің танымдық, оның ішінде уақыттық, географиялық, этномәдени қызметімен қатар, стилистикалық, яғни символдық, бағалаушы, ассоциативтік, характерологиялық және экспрессиялық функцияларын анықтаған. Сондай-ақ, реалиялардың қызметін аударма жасауда ескерудің маңызын атап көрсеткен.