Қазақ ономастика кеңістігіндегі Араб тілінен енген антропонимдердің теолингвистикалық ерекшеліктері
Аннотация
Мақала қазақономастика кеңістігіндегі араб тілінен енген кісі есімдерін діни таным
тұрғысынан зерделеуге арналған. Қоғам өміріндегі барлық оқиғалар мен құбылыстар тілде
көрініс табады. Әсіресе, халықтың рухани мәдени өміріндегі жаңалықтар сөздік қорды жаңа
атаулармен байытады. Сондықтан жалқы есімдердің тілдегі және сөзжұмсамдағы атқаратын
қызметтеріне айрықша назар аударған жөн. Кісі есімдері атауыштық, ажыратушылық қызметімен
бірге, диахронды лингвистика тұрғысынан аса маңызды саналатын ақпарат сақтағыштық
қасиетімен де ерекшеленеді. Жалқы есім адам таныған ақиқат болмыс, ұжымдық тәжірибе
жайындағы ақпаратты бейнелейді, қаттайды және сақтай алады. Яғни балаға қойылатын
есімдер сол тарихи кезеңдердегі оқиғаларға, жаңалықтарға орай таңдалып, өзгеріске ұшырап
отырады. Ислам дінінің енуіне байланысты қазақ жерінде көптеген жаңа есімдер пайда
болды. Антропонимдердің осындай ерекшеліктерін теолингвистикалық қырынан қарастырсақ,
есімдердің халықтың рухани әлемімен, наным-сенімдерімен тығыз байланысы, сабақтастығы
айқындала түседі.