Оралхан Бөкейдің «Сайтан көпір» повесіндегі автор бейнесінің парадигмасы
DOI:
https://doi.org/10.26577/EJPh.2020.v178.i2.ph15Аннотация
Оралхан Бөкей өз дәуірінің тұңғиығына сүңгіп, сан алуан өмір құбылысын суреттеуде
өзгеше мәнерімен қазақ көркем сөзінің көркін ашты. Қаламгердің әдеби әлеміндегі арналы
тұс шығармаларына көркемдік мән дарытып, жаңаша философиялық ойлар ұсынуы, көркем
ойлаудың жаңаша үлгісін көрсетуі еді. Жазушы қоғамның қатпар-қатпар қалтарыстарын нәзік
талғаммен танытуда шеберлік шыңына бойлайды.
Мақалада қазақ прозасына өзгеше жазу стилімен келген О. Бөкейдің «Сайтан көпір»
повесіндегі автор бейнесінің парадигмасы, оның негізгі қаламгерлік ұстанымы, ой-ниеті
айқындалды. Әлеуметтік-қоғамдық құбылыстарды бейнелеп көрсетудегі ерекшеліктері, шығарма
өзегін айқындаудағы дейктикалық элементті пайдалануы, жақсылық пен жамандық, ізгілік пен
зұлымдық сияқты дуалистік дүниетаным ұғымдарын нысанға алғаны қарастырылды.
Жазушының шығармашылық бағытындағы Алланың жазуы, адамзатты жарату мақсұты, адам
баласының бастапқы, түпкі мәннен тарайтын адамгершілік, адамсүйгіштік бағыттан тайқымай
ғұмыр кешу парызы туралы айтпақ ойы зерделенді.
Аталмыш шығармада өзі өмір сүрген қоғамдағы әлеуметтік жағдайларды Айқай, Анау,
Жаңғырық секілді абстрактілі бейнелермен алуын О. Бөкейдің сөз саптау мәнерінің поэтикалық
тіл иіріміндегі шеберлік қарымы деп тануға болады. Жазушы осы тәсілімен белгілі бір кезең,
уақыттардың жалпы мінезін, қоғам, заман құрсауындағы адамдар мінезін ашады.