Қазіргі қазақ әңгіме жанрындағы драматизм мәселесі ..
DOI:
https://doi.org/10.26577/EJPh.2020v179.i3.ph3Аннотация
Мақалада қазіргі қазақ әңгіме жанрындағы драматизм мәселелері қарастырылған. Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ прозасына үлес қосып жүрген қазақ жазушыларының шығармалары негізге алынып, ондағы драматизмнің эстетикалық мәні мен көркемдік қызметі талданған. Тәуелсіздік тұсындағы қазақ жазушыларының, атап айтқанда Тынымбай Нұрмағамбетов, Қуандық Түменбай, Роза Мұқанова, Асқар Алтай, Думан Рамазан, Айгүл Жұбаныш, Ержан Тоқтардың әңгімелеріндегі драматизм мәселелеріне көркемдік талдау жасалып қарастырылған. Аталған жазушылар әңгімелерінде қоғам бейнесі, кейіпкерлер жан дүниесі, түрлі қайшылықтар айқын көрініс тапқан. Қазақ жазушылары әдеби шығармаларда трагедияны жиі қолданады. Оны коллизия мен конфликт арқылы көрсетеді. Мақала авторлары жазушы көзқарастарын ашудағы драматизмнің орны ерекше екендігін көрсетеді. Драматизм арқылы бүгінгі қоғамдағы өзекті мәселелер мен адами құндылықтардың жоғалуын, тағы да басқа проблемаларды айқындауға болатынын тұжырымдайды. Көркем әңгімелердегі драматизм табиғатын ашуда тартыс, трагедия, жатсыну, ішкі монолог, психологизм сынды мәселелердің өзіндік орны сараланады. Қоғам бейнесін, кейіпкерлер жан дүниесін, түрлі қайшылықтар әлемін бейнелеудегі драматизмнің орны ерекше екендігін тиянақты тұжырымдайды. Сондай-ақ, әңгімелердегі тартыс табиғатын талдау арқылы оның идеясын айқындап, драматизм көріністерін жазушы көзқарасымен байланыстыра қарастырады.