Екінші тілді меңгерудегі психолингивистика және нейролингвистиканың заманауи әдістері
DOI:
https://doi.org/10.26577/EJPh.2021.v183.i3.ph2Аннотация
Мақала қазіргі таңда кеңінен қолданылатын психолингвистика және нейролингвистиканың заманауи зерттеу әдістеріне шолу жасап, талқылауға арналған. Соңғы онжылдықта отандық, сонымен қатар халықаралық ғылымда зерттеушілердің тіл білімінің аталған бағыттарына деген қызығушылықтары ерекше қарқынмен артып келеді. Тіл мен ойлау үдерістерін зерттеудің өзегін құрай отырып, психолингвистика және нейролингвистика кешенді гуманитарлық ғылымдар қатарына енетіні белгілі. Психолингвистика адам санасында тілдің таңбалық жүйесінің өндірілуі мен қабылдануын қарастырса, нейролингвистика сөйлеу әрекетінің мимен байланысты тетіктерін және мидың зақымдануынан сөйлеу үдерісінде орын алатын өзгерістерді зерттейді. Психолингвистика мен нейролингвистика теориялары тығыз байланысты болғандықтан, екі ғылым саласында да белсенді түрде қолданылатын ортақ зерттеу әдістері жеткілікті. Аталмыш мақалада екінші тілді (Т2) меңгеру үдерісі бойынша ақпарат алу және ол ақпаратты өңдеуге арналған тіл білімінің талдау нысаны болып отырған отырған заманауи бағыттарының қазіргі зерттеу әдістеріне аналитикалық тұрғыда шолу жасалған. Авторлар сөйлеу өндірісін қамтамасыз ететін мидың әрекеттерін зерттеуде қолданылатын әдістерді қарастырған. Қарастырылған зерттеу әдістері ми сигнатурасындағы сапалық өзгерістерді қарастыруға және көз қозғалысының нақты көрсеткіштері арқылы түсіну үдерістерін зерттеуге, оған қоса, бірінші және екінші тіл иеленушілерінің ойлау жүйесіндегі негізгі ерекшеліктерді талдауға мүмкіндік береді.
Түйін сөздер: психолингвистика; нейролингвистика; окулография; ЭЭГ; фМРТ; шақырылған әлеуеттер.