«Ит» семасындағы мифтік бейненің көрінісі
DOI:
https://doi.org/10.26577/EJPh202519714Аннотация
Мақалада адамның саналы ғұмырынан бері тілдік түпсаналық қатпарларда сақталып келе жатқан киноморфизмдер негізінде адамзат ойлауының алғашқы сатысы болып табылатын мифтік түсініктер мен бейнелер сипатталады. Киноморфизмдерге қатысты қалыптасқан тілдік бірліктер мен бейнелі сөздер – көне дәуірден жеткен мифологиялық дүниетанымның жемісі. Мифология – адамның өзін қоршаған әлемді тануының архаикалық формасы және дүниемен байланысын бейнелейтін танымдық жүйе. Мақаланың мақсаты – «ит» семасымен байланысты табу мен эвфемизмдерде, тыйым сөздерде кездесетін мифтік концептілерді талдау арқылы тілдің терең қабаттарында жасырын жатқан архетиптік дүниетанымды анықтау. Адамзат санасының алғашқы кезеңдерінде қалыптасқан мифологиялық түсініктер киноморфизмдер негізінде тілдік жүйеде сақталғанын дәлелдеу. Зерттеу барысында тілдік бірліктердің семантикалық құрылымын және олардың өзара байланысын талдауда лексикалық-семантикалық әдіс қолданылды. Сондай-ақ, лингвистикалық бірліктердің тарихи дамуы мен трансформациясын зерттеуге салыстырмалы-тарихи әдіс пайдаланылды. Мифологиялық концептілер «ит» семасымен байланысты лингвистикалық бірліктердің қалыптасуына ықпал етті. Киноморфизмдер арқылы жалғасқан бейнелі қолданыстар мен тілдік бірліктер көне дәуірдің мұрасы болып табылады. Әрбір халықтың тілінде кездесетін тыйым сөздер мен эвфемизмдер – мифтік танымның тілдің түпсаналық деңгейінде сақталғанын көрсетеді. Бұл құбылыс адам санасы мен тілдің эволюциялық дамуында мифологиялық концептілердің маңызды рөл атқарғанын дәлелдейді. Осылайша, мифологиялық концептілер киноморфизмдердің негізін құрай отырып, адамның ойлау жүйесінің алғашқы баспалдақтарын айқындайды. Мифтік құрылымның тұтас жүйе ретінде зерттелуі мифологиялық құбылыстарды кешенді қарастыруға жаңа теориялық мүмкіндіктер ашады.
Түйін сөздер: лингвистика, кинеморфизм, семантика, фразеология, мифология.