Усул-сотие (төте жазу) алғаш сыналған «Қазақ» газеті (1913-1918): орфографиялық ерекшеліктері мен тыныс белгілері .
DOI:
https://doi.org/10.26577/EJPh.2022.v186.i2.07Аннотация
Тіл – қарым-қатынастың негізгі құралы әрі жанды құбылыс болғандықтан, өнбойында өзгерістер жүреді. Тілдегі өзгерістер мен жаңалықтарды таңбамен, жазумен ырықтандырылады. Жазу тілдегі дыбыстарды таңбалап қана қоймайды, бұрын да, бүгінгі заманда да тілдің болашағын айқындайтын фактор болған. Жазудағы негізгі мақсат – естілетін сөздің дискреттілігі және сөз әртүрлі контекстерде әлденеше рет қайталанса да біркелкі танылуын қамтамасыз ететіндей әліпби түзу. Ал әліпби тәртіппен орналастырылған әріптердің жиынтығы, мәтіннің барлық түрлерін жазуға, яғни қарапайым және күрделі ойды жеткізуге мүмкіндік береді. Қазақ мәдениетінде А.Байтұрсынұлының реформаланған (түрлендірген) әліпбиі мен «усулжәдид» немесе төте жазу аса маңызды орын алады, рөл ойнайды. Төте жазу ағарту ісінде, алғашқы қазақтілді оқулықтар мен оқу құралдарының жазылуында, қазақ балаларының сауатын ашудағы мерзімді басылымдар шығаруда айтарлықтай рөл атқарды. Реформаланған А.Байтұрсынұлының әліпбиі қазақ халқын да, алғашқы қазақ зиялыларын да ғылыми қауымға танытты. «Усул-жәдидтің» көмегімен қазақ интеллигенциясы А.Байтұрсынұлының басшылығымен ХХ ғасыр басында жалпыұлттық «Қазақ» газетін шығарды. Мақалада ХХ ғасыр басында «Қазақ» газетінде қолданыс тапқан емле, тыныс белгілері туралы айтылады және бұл мәселе қазақ әдеби тілі мен публицистикалық стильдің жүйеленуі мен кодификациялануының бастауы ретінде қарастырылады.