Aнтропоморфтық метафораның танымдық моделі
DOI:
https://doi.org/10.26577/EJPh.2022.v188.i4.02Аннотация
Бұл мақалада метафоралар мен антропоморфтық метафоралар терминдерінің теориялық түсінігі мен қызметі қарастырылған. Метафора табиғаты мен оның көркемдік-бейнелілік болмысы анықталды. Автор бірқатар ғылымдар саласындағы метафораның болмысы мен мән-маңызына арналған ғылыми ізденістерге сүйене отырып, концептуалды метафора теориясы бойынша жан-жақты зерттеу жүргізді. Қазіргі тіл біліміндегі әр түрлі метафоралардың түрлі нұсқаларын айқындауға арналған көптеген ғылыми зерттеулер көрсетілген.
Қоршаған әлемді номинациялау мен үлгілеуде антропометрикалық принципке тән ерекшеліктер талданады. Ойлау және ассоциация құралы ретіндегі метафораның ғылыми ізденістердегі орны тұжырымдалады. Объективті шындықтың объектілері мен құбылыстары адам формалары мен қасиеттерімен ассоциативті байланыста болатын антропоморфты метафораның маңызы анықталды. Талдау нәтижесінде антропоморфтық метафорада адамның физиологиялық қасиеттері, соматикалық белгілері, психикалық
қасиеттері топтастырылатыны көрсетіледі. Зерттеудің жаңашылдығы осы уақытқа дейін мәдени концептінің антропоморфтық белгілерінің егжей-тегжейлі жіктемесі болмағанын көрсетеді. Оның ішінде қоршаған орта, табиғат нысандарына атау беру немесе сипаттау антропоморфтық метафора арқылы жүзеге асырылғанда халықтың дүниетанымы тілі арқылы бейнелетінін көрсетеді. Адам сыртқы әлемнің бейнесін қалыптастырып, оның концептісін түзеді, антропоморфтық метафоралар арқылы тілде бейнелейді.