Коммуникативті жағдаяттағы қақтығысты сөйлеу актілері
Аннотация
Бүгінгі күні масс-медиа құралдарында – Ғаламтор сайттарында, әлеуметтік желілерде (Facebook, You Tube), Whatsapp жеке чаттарында ауызша және жазбаша формаларда таратылған жазбалар мен жарияланымдар тараптар арасында қақтығыстардың туындауына түрткі болатын кездері аз емес. Бұл тілдің қақтығысты коммуникативтік жағдаяттың факторы болу мүмкіндігін және қақтығысты жағдаяттың құралы ретіндегі қызметін зерттеудің өзектілігін танытады. Және аталған мәселенің шешімі қазіргі қазақстандық ғылым кеңістігіндегі салыстырмалы түрде жас сала – тілдік қақтығыстанудың (лингвоконфликтология) теориялық және әдістемелік жағынан дамуын қажет етеді. Осыған байланысты мақалада қақтығысты коммуникативтік жағдаяттың лингвистикалық факторлары, коммуникативтік жағдаяттағы қақтығысты сөйлеу актілері, қақтығысты жағдаяттағы сөйлеу стратегиялары мен тактикалары ұғымдары нақты мысалдар негізінде қарастырылады. Адресатқа деструктивті (жағымсыз) ықпал етуге бағытталған сөйлеу болып табылатын тілдік агрессия, тілдік зомбылық, қорлау сөйлеу актілеріне тән лингвистикалық белгілер мен олардың өзара айырмашылықтарын анықтау мақсаты көзделеді. Ғаламтордан, жеке өмірлік жағдайлардан алынған коммуникативтік жағдаят материалдарындағы сөйлеу актілерін талдау нәтижесінде тілдің қақтығыс құралы ретіндегі қызметі талданылады. Тұрмыстық т.б. экстралингвистикалық факторлар негізінде туындаған конфронтативті қақтығысқа тән сөйлеу тактикаларының жиынтығы анықталады. Қорлау сөйлеу актілерінің тіл және заңгерлік салалар тоғысындағы мәселелері нақты коммуникативтік жағдаят деректері мысалында талданылады.