Айтыс өнеріндегі қазақ ақын қыздарының алар орны
Аннотация
Айтыс – қазақ халқының рухани өмірінің ажырамас бөлігі. Ұсынылып отырған мақала қазақ айтысының даму тарихында ерекше орын алатын қазақ ақын-қыздарының шығармашылығына арналған. Айтыс жанры ұлттық әдебиеттің жетекші жанрларының бірі ретінде зерделенеді. Мақалада айтыс жанрының дамуына зор үлес қосқан ең көрнекті өкілдерінің шығармашылығы талқыланады. Талдау нысаны – әр дәуірдегі айтыс өнерінің озық үлгілері. Мақалада қазақ ақын қыздарының шығармаларының идеялық-тақырыптық мазмұны ашылады. Айтыс ақындарының белгілі бір тарихи дәуірдегі қоғам үшін өзекті әлеуметтік мәселелерді қозғайтыны көрсетілген. Мақалада негізінен қазақ ақын қыздарының мұрасын зерттеуге басты назар аударылады. Автор олардың шығармаларының айтыс өнерін дамытудағы маңызын аша отырып, ауқымды деректік материалдарды жинақтап, жан-жақты талдайды. Сонымен қатар, ақын қыздардың айтыс жанрының мазмұнын жаңартуға қосқан үлесі туралы айтылады. ХІХ-ХХІ ғасырлардағы қыз бен жігіт айтыстар қарастырылады. Мақалада қыз бен жігіт айтысының ерекше орын алатыны дәлелденді. Зерттеу барысында өткен дәуір мен қазіргі заманғы ақын қыздар шығармашылығына салыстырмалы талдау жасалады. Нәтижесінде авторлар ақын қыздар айтысының мазмұндық, формалық деңгейде айтарлықтай өзгерістерге ұшырағанын атап көрсетеді. Мақалада бұл жанрдың дамуына жаһанданудың ықпалы мен ақындар санасына әсері анықталады.