Қазіргі медиа-мәтіндегі перифразалардың прагмалингвистикалық ерекшеліктері
Аннотация
Мақалада қазіргі медиа-кеңістікте қолданылып жүрген перифразалардың прагмалингвистикалық ерекшеліктері қарастырылады. Қазақ тілі құнарлы да бай болғанымен, қазіргі тілдік ұжым мүшелері ойын барынша ықшамдап жеткізу үшін кірме сөздерді жұмсауға бейім екендігі белгілі. Бұл – адамның ойлау жүйесімен бірге жалпы мәдениетінің деңгейіне теріс ықпалын тигізетін үрдіс. Сондықтан күнделікті өмірде ана тіліміздің көркемдік әлеуетін танытатын бейнелі оралымдарды, оның ішінде астарлы мағынаға құрылатындықтан ерекше орын алатын перифразалар қолданысын кеңінен насихаттауымыз қажет. Аталмыш міндетті қоғам өмірінің барлық саласында берік орныққан бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жүзеге асыру жеңілірек әрі тиімдірек болмақ. Осымен байланысты, қазіргі медиа-мәтіндегі перифразаларға семантикалық және прагмалингвистикалық талдау жасауды мақсат еткен авторлар мақаласының тақырыбы өзекті, келтірілген деректері шынайы және дәйекті.