Қ. Жиенбай романдарындағы автор және тұлға концепциясы
Аннотация
Мақалада халықаралық Алаш әдеби сыйлығының лауреаты, жазушы Қ. Жиенбай романдарындағы автор және тұлға концепциясы қарастырылады. Қазіргі заман тақырыбында жазылған «Даңқ түрмесінің тұтқыны», «Ән салуға әлі ерте», «Жер үстінде де жұмақ бар» романдары бір-бірімен жалғасып жатқан романдар циклі, өйткені олардың тақырыптары, мезгіл және оқиға орындары ортақ. Романдардағы кейіпкерлердің кәсіптері мен қызметтері әр алуан болғанмен, бір-біріне жақын жандар, бір өңірдің тумалары болып келеді. Олардың қай-қайсысы да экология зардаптарын терең сезінеді. Бірақ атамекендерін тастап, өзге өңірлерге қоныс аударғылары жоқ. Сол аймақта тіршілік кешіп жүріп те, туған жерді дамытуды көздейді. Олар - қазіргі заманның тынысын сезінген жаңашыл адамдар. Жазушы қаһармандарының ерекшеліктері - туған жердің құндылықтарын бағалай білуі. Сол арқылы өткен тарих пен қазіргі уақытты саралауға ұмтылады. Автордың суреттеуінде бір өңірде бірнеше қарама-қайшы өмір көріністері тоғысқан. Арал – адамзаттық экологиялық қасірет аймағы болса, Байқоңыр – әлемдік ғарыш айлағы, Қорқыт ата кесенесі – түркі жұртының киелі мекені. Жазушы осы контрастыны туындыларында шығармашылықпен өрістеткен. Халық рухының бастауы мен құндылықтарын іздеп тануы қаһармандардың беймаза аңсарымен орындалып жатады. Автор өңірдің өзекті мәселелерін кеңінен суреттей отырып, туған жерге сүйіспеншілігін, жанкешті жандардың қайсарлығын, рух мықтылығын, жаңалыққа ұмтылысын көркем бейнелейді. Шығармалар қаһармандардың ішкі сезім, толғаныстарына құрылған. Жазушы авторлық баяндаудан бас тартып, бірден кейіпкердің жан дүниесін сөйлетуге, суреттеуге ұмтылады. Мезгіл-мекен бейнесі, орта шындығы мен әлеуметтік-қоғамдық мәселелер, жеке бастық интригалар қаһармандардың қабылдауымен, көзқарас-пайымымен беріледі. Сол арқылы қаһарман, біріншіден, өзін-өзі сомдаса, екіншіден, қаһарман танымымен уақыт бейнесі көркемдік шындыққа айналған. Адамдар арасындағы қатынастың күрделілігі сипатталады. Жазушы романдары қазіргі қазақ прозасының табысты шығармалары қатарынан саналады.