Экономикалық сана трансформациясының тілдегі репрезентациясы
Аннотация
Елдің әлеуметтік-экономикалық салаларын дамытуда тілдің қызметі зор. Тіл білу – адам капиталын құраушы негізгі құрал, себебі тіл немесе тілдер адамның экономикалық, әлеуметтік тұрғыда дамуына айтарлықтай әсер ете алады. Оған қоса, экономикалық шешімдерге де ықпал етеді. Мәселен, жеті дамыған елде жүргізілген зерттеу нәтижелеріне сүйенсек, ана тілмен қоса шет тілін білу тек кірісті ғана арттырып қоймай, жұмыссыздық қаупін де азайтатыны белгілі болған.
Мақалада жүргізілген зерттеудің мақсаты - қазақ ұлтының экономикалық санасының қазіргі ахуалын және ұлттық экономикалық мәдениетті көтерудегі мемлекеттік тілдің әлеуетін анықтау.
Бұған дейінгі ізденістерде экономикалық дискурсқа тән лексикалық бірліктердің лексикографиялануында қандай өзгерістер, қандай трансформациялар болғанын анықтаған ғылыми еңбектер жоқ. Экономикалық дискурстағы қазақ тілінің мәселесі қазіргі таңда өте өзекті болып отыр. Оның себебі, қоғамдық сананың іштүрі ретіндегі экономикалық сана ұлттық тілде дамымайынша, жалпы мемлекеттік тілдің даму үдерістеріне де, қоғамның экономикалық тұрғыдан ілгерілеу процестеріне де көп кедергілерге ұшырайды. Тіл саясатын жүзеге асыруда, тілдерді дамыту бағдарламаларын әзірлеуде мұндай әлеуметтік лингвистикалық және лингвоэкономикалық зерттеулер аса қажет.
Мақалада мемлекеттік тілдің әлеуетін анықтау үшін және ұлттық бизнес таптың әлеуетті ортасындағы мемлекеттік тілдің аясын кеңейту, олардың тілдік мәселелерін шешудің нақты жолдарын ұсыну мақсатында экономикалық терминдердің, экономикалық семантикасы бар сөздердің, ұғымдардың, атаулардың лингвостатистикасы жасалды, БАҚ шеңберінде тіл мен экономиканың, әсіресе бизнестегі қазақ тілінің рөлі жөнінде қоғам талқылауына түскен мәселелерді ғылыми тұрғыда қарастыру мақсатында әлеуметтік-тілтанымдық зерттеу жүргізілді. Зерттеу барысында қазақтілді шағын кәсіп иелерінен жартылай құрылымдық сұхбат алынып, қазақтілді тұтынушылар арасында жаппай онлайн сауалнама алынды.
Зерттеудің әлеуетті тұтынушылары – ҚР БҒМ Тіл саясаты комитеті, «Атамекен» ҚР ҰҚП, лингвистер, социолингвистер, лингвоэкономистер, магистранттар мен докторанттар, сонымен қатар саясаткерлер мен журналистер.