Қазақ мәдениетіндегі маскулиндік стереотиптер
Аннотация
Бүгінгі мәдени жаһандану заманында ер адамдарға тән «еркектік» қасиеттер мен оларға қатысты стереотиптер өзгеруде. Тіпті әлеуметтік рөлдердің кейде ауысып жатқанын да байқаймыз. Ер адам қоғамда, отбасында белсенді болу керек. Ер адам- отбасы асыраушысы, әйел -отбасы ұйытқысы деген стереотип бүгінгі таңда өзгеріске ұшырады.
Жұмыстың мақсаты- қазіргі қазақ мәдениетіндегі маскулиндік стереотиптерді талдау. Зерттеу жұмысының ғылыми-практикалық маңыздылығына тоқталатын болсақ, мақала гендерология, лингвомәдениеттану, әлеуметтік лингвистика, когнитивті лингвистика салаларында жазылған еңбектерге теориялық толықтыру жасауға және «Лингвомәдениеттану», «Гендерлік лингвистика», «Маскулиндік зерттеулер» сынды арнайы курс дәрістерін құруға, курстық және дипломдық жұмыстарын жазу үшін қажет болады.
Маскулиндік стереотиптерді талдау мақсатымен Ж. Кейкіннің «Қазақтың 7777 мақалы мен мәтелі» атты кітабынан маскулиндік қасиеттерді білдіретін мақал-мәтелдер жинақталды. Зерттеу барысында кешенді зерттеу, контекстік талдау, салыстыру және сипаттамалық әдістер қолданылды.
Кез келген қоғамда ер адам немесе әйел адам болу деген тек анатомиялық ерекшеліктерге ие болу деген сөз емес, ол адамдардан күтілетін белгілі бір гендерлік рөлдер. Маскулиндік стереотиптерге сүйенсек ер адамдар қазақ мәдениетінде отбасының негізгі асыраушысы, еңбекқорлығы арқылы табысқа жетуші, қоғамда, отбасында негізгі шешім қабылдаушы және халқының намысын қорғаушысы. Ер адам-көшбасшы, билік етуші стереотипі гендерлік таптаурындар қатарынан шығуы мүмкін.
Жұмыстың құндылығы мен практикалық маңыздылығы: Маскулиндік стереотиптерге сәйкес қоғам ер адамнан белгілі бір әрекеттер мен қасиеттер жиынтығын күтеді. Ер бала туғаннан бастап осындай таптаурындармен тәрбиеленеді. Ерлер осы түсініктерге қарай дами бастайды, соларды өмірде ұстанады. Кейбір жағдайларда маскулиндік стереотиптер ер адамның өміріне теріс әсер етеді. Ер адамдардың мінез-құлқы немесе іс-әрекеті стереотиптерге сай келмей қалса, олар «нағыз еркек емес» деп бағаланады. Сондықтан ер бала тәрбиесінде қоғамда ерлерге қатысты айтылатын көзқарастар мен стереотиптердің қайсысы дұрыс немесе бұрыс екенін немесе орынсыз екенін балаға түсіндіріп отыру қажет.