Орталық Азия әдебиетіндегі жаңа құбылыс: Сұлтан Раев шығармашылығы туралы
DOI:
https://doi.org/10.26577/EJPh.2023.v192.i4.ph11Аннотация
Мақалада Қырғыз Республикасының Халық жазушысы Сұлтан Раевтың әдеби шығармашылығы қарастырылады. Бұл жұмыста Кеңес Одағы ыдырап, құрамындағы бұрынғы мемлекеттер мемлекеттік тәуелсіздік алғаннан кейін, соңғы отыз жылда қазақ пен қырғыз халықтарының ақындары мен жазушылары бір-біріне жеткілікті дәрежеде танылмағаны байқалатындықтан, қырғыз әдебиетін С. Раев туындылары негізінде қазақ оқырмандары мен ғылыми көпшілікке, әдеби ортаға кеңірек ғылыми аспектіде интерпретациялауға және таныстыруға бағытталған. Жазушы, драматург, ақын Сұлтан Раев – соңғы үш декадада Қырғыз Республикасынан ғана емес, Орталық Азия аймағының атынан әлемге таныла бастаған бірден бір танымал қаламгер. Мақалада С. Раевтың «Жанжаза», «Топан» романдары, «Кашаба» повесі және бірқатар драмалық туындыларын психологиялық және мәдени-тарихи, салыстырмалы-тарихи және герменевтикалық әдістер тұрғысынан зерттеу мақсаты алға қойылған. Бұл әдістер арқылы автордың уақыт пен кеңістік, тарих, әлем мен адам болмысы туралы жеке ой-түсініктері мен реалды әлемді және кейіпкерлерінің ішкі әлемін модельдеу әдістері қарастырылады. Жазушы туындылары арқылы жер бетіндегі адамзат өмірі мен санасындағы дағдарыстар мен рухани апаттарға әлем назарын аударуды көздейді. Сонымен қатар, автордың драмалық шығармаларындағы қырғыз халқының тарихы мен қоғамындағы күрделі мәселелердің әлеуметтік-қоғамдық, мәдени сипаты айқындалады. Автор романдарындағы сюрреалистік әдеби амалдар мен романдар мәтінінің қабаттық деңгейлері көрсетіледі. Зерттеу ғылыми және практикалық құндылығы еліміздегі жоғары оқу орындарында қазіргі қырғыз әдебиеті туралы жеткілікті берілмейтін білім беру жүйесіндегі кемшілікті толықтыру мен ТМД кеңістігіндегі әрі отандық әдебиеттану саласының әдіснамалық-теориялық қырын жетілдіруге үлес қосатындығымен өлшенеді.