Шетелдік анимациялық мультфильм тілінің стилистикалық ерекшеліктері
DOI:
https://doi.org/10.26577/EJPh.2024.v193.i1.ph19Аннотация
Бұл мақалада шетелдік анимациялық фильмдердің қазақ тілінде сапалы дыбысталу мәселесі және дыбыстамадағы стилистикалық ерекшеліктер қарастырылады. Мақала қалың бұқара бірдей назар аудармайтын халықтың арнаулы бөлігіне, яғни балалар мен жасөспірімдерге ғана арналатын анимациялық фильмдердің қазіргі көрінісіне, аударма кезінде жіберілетін стилистикалық қателер мен ұтымды тұстарына, кемшіліктерге назар аударту, тілдік қолданыстың функционалдық қызметін тиісті деңгейде жүзеге асырудың жолдарын қарастыру мақсатын көздейді. Сонымен қатар мақалада дубляж саласының ерекшелігі, қазақша дубляждалған мультфильмдердің сапалы тілдік қолданысына баға беріледі. Көрермендердің жас ерекшелігіне байланысты аударма тілінің қолданылуы, көрермен аудиториясына әсері сөз болады. Мақалада қазақ тілінде дубляждалған Disney студиясымен шығарылған «Ральф интернетке қарсы» (2018), «Мұзды өлке 2» (2019), «Pixar» кинокомпаниясының «Лука» (2021) анимациялық мультфильміндегі стильдік ерекшеліктер талданып, эмоционалды-экспрессивті реңктің аударма барысында тиімді қолданысы көрсетіледі. Мақалада тілдік бірліктердің сюжетке сәйкес, мағыналық, прагматикалық өзгеріске ұшырап, уәжді, уәжсіз ауытқу формалары, стереотип, диалект пен сленг сөздердің қолданыс табуы қарастырылған. Кейіпкер тілінде кездесетін тіркестер мысал ретінде түпнұсқа - ағылшын тілінде, орыс тілінде, қазақ тілінде үш түрлі нұсқада берілді. Кейіпкер тілінің ұлттық танымдық және лингвомәдени лексикасы талданып, прагмастилистикалық ерекшеліктері сараланады. Мақаладағы басты теориялық база ретінде стилистика, аударматану, диалектология, өнертану ғылымдарының алдыңғы қатардағы зерттеулері, Қазақстан Республикасының «Кинематография туралы» Заңы басшылыққа алынады.
Тірек сөздер: кинематография, дубляж, аударма ісі, стилистика, стереотип, диалект, таным, лингвомәдениет.