Көдек Байшығанұлының саяси лирикасы
DOI:
https://doi.org/10.26577/EJPh.2024.v194.i2.ph015Аннотация
Бұл мақалада ақын Көдек Байшығанұлының шығармашылығына кең көлемді барлау жасалып, соның ішіндегі азаматтық көзқарасын айқын көрсететін саяси лирикаларына талдау жасалады. Ақынның өзі ғұмыр кешкен кезеңнің шындығын ашып көрсеткен шығармаларына үңіле отырып, ондағы бейнеленген шындыққа, тарихи оқиғаға баға беріліп, ақынның азаматтық, саяси көзқарастары жан-жақтылы сараланады. Кеңес үкіметінің қазақ даласына, соның ішінде Жетісуді мекендеген Албан еліне жасаған озбырлығын бейнелеп көрсетудегі ақын шеберлігіне сараптаулар жасалады. Ақын шығармашылығының басым бөлігінде отарға түскен халық өмірінің ақиқаты ашып көрсетілетінін нақтылы мысалдармен береді. Мақалада ақынның өз көзімен көрген, санасынан өшпеген қоғамдық қайшылықты тайға таңба басқандай айқын суреттейтін жыр жолдары терең ашылып талданады. Ақын шығармаларында жиырмасыншы жылдардағы кеңестік кезеңнің қаталдықпен іске асырған қатігез саясаты да назардан тыс қалмайтынына дәлелдер келтіріледі. Бай ауылдың малдарын сыпырып алып, жер аударған сүркей жылдардың көрінісін де ақын өлеңдерімен ұштастыра қарастырады. Тіпті кейбіреуін «халық жауы» деген жаламен атқанын, сөйтіп зорлық жасалып, әділетсіз қысым көрсету халық наразылығын тудырып отырғаны да жіпселей талданады. Айықпайтын ақын мұңы елдің мұрат-мүддесінен туындағаны туралы қорытынды жасайды. Қоғамның ащы шындығын тарата жырлаған, торыға, үмітін үзе, ашына айту шығарманың драмалық сипатын ширата түскеніне мән беріледі. Жиырмасыншы жылдардың ішінде болған саяси науқандардың бәрі де «аяусыз қастандықпен халықты қыру» екенін батыл айтып сұмдық оқиғалардың сырына қанықтырған азаматтық лирикалар терең талданады. Ел өмірінде болған қайғылы сәттердің ешқайсысын назардан тыс қалдырмай, өлең өміріне айналдыра көптің көз алдына келтірген ақын мұрасын жаңа қырынан көрсетуге қадам жасалады.
Түйін сөздер: автор, шығарма, поэзия, тарих, уақыт, көзқарас, қоғам.