Oрнитонимдік фразеологизмдердің этномаркерлі бейнесі
DOI:
https://doi.org/10.26577/EJPh.2024.v194.i2.ph03Аннотация
Қазіргі лингвистикалық зерттеулердегі «тіл-этнос-мәдениет» сабақтастығы арқылы тіл иесі этноқауымдастықтың дүние құбылыстарына қатысты көзқарасының тілдік сипаты ерекше назарға алынуда. Осыған сәйкес қазақ тіліндегі орнитонимдік компоненттер арқылы жасалған фразеологизмдердің этномәдени семантикасының астарындағы этностың құстар әлемі мен ақиқат әлем туралы ойбейнесі өзара сабақтастыққа құрылады.
Зерттеудің мақсаты – тілдегі орнитонимдік фразеологизмдерді лингвомәдени және лингвокогнитивтік аспектіде қарастыру арқылы ғалам бейнесінің әралуан фрагменттерін тану. Зерттеу жұмысының ғылыми-практикалық маңыздылына келер болсақ, орнитонимдік фраземалар – этнос дүниетанымы, мәдениеті, менталитеті секілді күрделі категорияларды бойына жинақтаған лексикалық бірлік. Сондықтан мақалада лингвомәдениеттану, лингвокогнитология, фразеосемантика, этнолингвистика секілді ғылым салаларының мәселелерін қамтығандықтан, осы салалардың теориялық базасын толықтыруға, практикалық мазмұнын байытуға ықпал етеді. Зерттеу жұмысының практикалық нәтижелерін антропоцентристік парадигма аясындағы жекелеген ғылыми пәдердің дәрістеріне, курстық және дипломдық жұмыстарға, дербес зерттеу жұмыстарының материалдарына пайдалану үшін қажетті саналады.
Орнитонимдік фразеологизмдердің этномаркерлі бейнесін талдау барысында «Қазақ тілінің фразеологиялық сөздіктеріндегі» (І.Кеңесбаев, Ә.Қайдар, Г.Смағұлова) орнитонимдік компоненттер арқылы жасалған тұрақты тіркестер жинақталып, оларға сипаттамалы, салыстырмалы, түсіндірмелі әдістер мен контекстік, лингвомәдени талдаулар кеңінен қолданылды.
Зерттеу жұмысында тілдегі орнитонимдік фразеологизмдер арнайы нысан ретінде алынып, антропоцентристік парадигма аясында теориялық және практикалық тұрғыдан жан-жақты қарастырылады. Зерттеу материалындағы орнитонимдік компоненттер арқылы жасалған фраземалардың ұлт тіліндегі этномәдени мұраны көрсетудегі мәні зор. Зерттеу жұмысындағы орнитонимдік фраземалардың этномәдени мәнінің сипатталуы мен қолданысынан «құс пен адам» арасындағы паралелді әлемнің сабақтастығы көрсетіледі.
Зерттеудің құндылығы мен практикалық маңыздылығы: Орнитонимдік фраземаларды зерттеу негізінен құс атауы мен ауыспалы мағыналарды көрсету ғана емес, этностың табиғат әлемінен ажыратуға келмейтін біртұтастығына бағытталады. Зерттеу жұмысының басымдығы ретінде орнитонимдік фраземалардың пайда болуы мен қалыптасуы, мәдени семантикасы, қолданыс аясы, мағыналық өрісінің алуан түрлі аспектіде қарастырылуына басымдық беріледі. Орнитонимдік фразеологизмдерде этностың болмысы, мінез-құлқы, мәдениеті, дүниетанымы секілді атрибуттары жинақталып, адам санасында ғаламның орнитонимдік бейнесін тілдік бірліктер арқылы қалыптастырады. Сондықтан орнитонимдік фразеологизмдер этностың дербес ұлттық ерекшелігін, образды ойлаудағы танымдық әрекетін көрсетеді.
Түйін сөздер: орнитоним, фразема, семантика, прагматика, этнос, мәдениет, әлем бейнесі, поэтика.