Вербалды экстремистік материалдардың лингвистикалық сараптамасы
DOI:
https://doi.org/10.26577/EJPh2025199312Аннотация
Вербалды экстремизм бойынша лингвистикалық сараптаманың теориялық және практикалық негіздеріне байланысты зерттеулер түрлі елдердегі жағымсыз саяси жағдайлардың алдын алу, мемлекеттік қауіпсіздік мәселелері шешімінде сұранысқа ие. Сондықтан массмедиа құралдары арқылы көпшілікке таралатын экстремистік сипаттағы конфликтогенді жарияланымдарды тілдік өнім ретінде зерттеу юрислингвистика, лингвоэкспертология сияқты ғылым салаларын дамыту үшін ғана емес, сонымен қатар мемлекет қауіпсіздігі деңгейінде де өзекті болып табылады. Соған байланысты мақалада жалпы экстремизм түсінігі және вербалды экстремизмнің тілдік өнім ретіндегі белгілері, вербалды экстремистік даулы материалдар бойынша сот істерінде лингвист-сарапшының біліктілік құзыретіне енетін сұрақтар қарастырылады. Тіл және құқық салаларының тоғысында табылатын вербалды экстремизм терминінің мәнісі Қазақстан Республикасының «Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» Заңының және Қылмыстық кодекстің сәйкес баптары негізінде талданылады. Саяси ұйымдар, идеологиялық және діни бірлестіктер немесе діни сенім-нанымдар, ұлттық немесе діни салттарға байланысты сыни мәлімдемелер я конфликтогенді жарияланымдар мен вербалды экстремизм ұғымдарының өзара айырмашылықтары жүйеленеді. Сондай-ақ вербалды экстремизм және өшпенділік тілі ұғымдарын өзара саралауға байланысты зерттеу нәтижесі сот ісіндегі вербалды экстремизм бойынша даулы материалдың лингвистикалық сараптамасының объективті шешіміне оң ықпал етеді.
Түйін сөздер: вербалды экстремизм, өшпенділік тілі, лингвистикалық экспертиза, агрессивті әрекеттерге шақыру, агрессивті әрекеттерді ақтау, иллокутивті акт.
