Қазақ саяси лингвистикасының ерекшеліктері және саяси көшбасшылық туралы
DOI:
https://doi.org/10.26577/EJPh.2024.v196.i4.ph9Аннотация
Саяси лингвистика саласы өзге ұлт тілдерінде қалыптасқан, зерттелген. Алайда мақалада қазақ саяси лингвистикасының өзге елдерден бөлек өзіндік қалыптасу тарихы бары және ол елдің тарихымен, қоғам дамуымен байланысты деген көзқарас қарастырылады. Саяси лингвистика гибридтік сипатты сала, ол бірнеше ғылым салаларының тоғысуынан келіп шығады да, біртіндеп қалыптасады. Саяси лингвистика, әсіресе, елдің тарихымен, қоғам дамуымен, мемлекеттілікпен іргелестікте қарастырғанда анық танылатын сала. Сондықтан қазақ тіліндегі қоғам және мемлекет қайраткерлері, саяси тұлғалар, саяси көшбасшы (саяси лидер) тілі, көшбасшылық (лидерлік) ел тарихымен, қоғаммен сабақтастырыла алынып, алғаш рет кезеңделеді. Саяси лингвистиканың негізгі ұғымдары саясат, саяси, саясаткер, мемлекет, мемлекет қызметшісі сөздерінің мазмұны ашылады, олардың қызметі, семантикасы, тіркесімдері, осы сөздердің өзге есім сөздермен тіркесуінен жасалатын атаулар қоғамдық-саяси бағыттағы мерзімді басылымдардан, журналдардан жинастырылды. Ал осы сөздердің тіркесімдерінің атаулануы мақалада ішінара ғана сөз болады. Сондай-ақ мақалада көшбасшы, көшбасшылық сөздерінің мағынасы және саяси көшбасшы ұғымы мен оның типтері туралы, тілдік және сөйлеу кезіндегі саяси көшбасшының түрлі құзыреттілігін танытатын тілдік бірліктерге талдау жасалады. Құзыреттілікті талдау тілдегі адамның әлеуметтік статусымен байланыстырылады. Саяси лингвистиканың базалық ұғымдарынан бөлек саяси лингвистиканың салалық әдіс-тәсілдері туралы да айтылады. Саяси көшбасшылық, саясаткер т.б. сөздердің әдеби тілдегі кодификациялануы қалай өтіп жатқаны тілдік деректер негізінде дәйектеледі.
Тірек сөздер: саяси лингвистика, газет жанрлары, бас мақала, саяси көшбасшылық, көшбасшылықты анықтау параметрлері, саяси көшбасшының құзыреттіліктері, коммуникативті тұлға.