Абай өлеңдері негізінде поэтикалық корпус әзірлеу
DOI:
https://doi.org/10.26577/EJPh.2024.v195.i3.ph04Аннотация
Ғылыми мақала Абай өлеңдері негізінде поэтикалық корпус құру және оның корпустық лингвистикаға қосқан үлесі туралы. Зерттеудің мақсаты – Абай өлеңдеріне негізделген поэтикалық корпус әзірлемесін жасау барысында Абай өлеңдері мәтіндерінің тілдік ерекшеліктерін тереңірек талдауға мүмкіндік беретін құрылымдық тілдік қорды құру. Жұмыстың қазақ тілі мен мәдениетін зерттеуде теориялық және практикалық маңызы зор. Себебі, Абай өлеңдеріне поэтикалық белгіленімдерді қою арқылы ақын тілін лингвистикалық әрі поэтикалық тұрғыдан зерттеумен қатар Абай заманындағы қазақ тілінің қолданыс аясын, тілдегі өзгерістер мен сол кездің мәдени ұстанымдарын көре аламыз. Зерттеу әдістемесіне мәтіндерді объективті талдауға мүмкіндік беретін корпустық лингвистика мен компьютерлік модельдеу кіреді. Корпустық лингвистика шарттарына жүгіне отырып Абай өлеңдері негізінде поэтикалық корпус әзірленсе, Абай өлеңдеріне поэтикалық белгіленім қою компьютерлік модельдеу арқылы жүзеге асады. Шартты белгілерге қатысты модельдер тілдік және бағдарламалық алгоритмдер негізінде жүзеге асады. Негізгі тұжырымдар Абайдың тілі мен стиліндегі өзгерістерді жүйелеп, одан әрі зерттеуге болатынын аңғартады. Зерттеу тіл біліміне үлкен үлес қосып, поэтикалық мәтіндерді талдау мен түсіндіру мүмкіндіктерін кеңейтеді. Жұмыстың практикалық маңыздылығы көркем мәтіндерді талдау негізінде қазақ тілін оқыту мен зерттеудің бағдарламалары мен құралдарын жасауда жатыр.
Түйін сөздер: корпустық лингвистика, поэтикалық корпус, поэтикалық белгіленім, компьютерлік модельдеу, мәдени мұра, білім беру ресурстары.