Қазақстанды цифрландыру жағдайында ағылшын тілінің қазіргі қазақ тіліне әсері
DOI:
https://doi.org/10.26577/EJPh.2024.v196.i4.ph12Аннотация
Мақалада Қазақстанды цифрландыру жағадайында әлемдік тіл ретіндегі ағылшын тілінің қазақ тіліне әсерін, қазақ тілі иелмендерінің тілдік қолданыстарында орын алған тілдік өзгерістерді анықтауға, қазақ тілінде орын алған тілдік өзгерістерге сипаттама беруге, Қазақстандағы қазіргі тілдік жағдаятты, қазіргі Қазақстанда ағылшын тілінің алатын орнын, рөлін зерттеуге арналған. Мақаланың мақсаты мемлекетті цифрландыру үдерісінде ағылшын тілінің қазіргі Қазақстанның тілдік жағдаятына қалай әсер етеді, қазақ тіл иелмендерінің ағылшын тілін игерудегі кедергілерін анықтау, ағылшын тілінің әсерінен қазақ тілінде орын алған тілдік өзгерістерді анықтау болып табылады. Материалдар ретінде қазіргі қазақ тіліне ағылшын тілінен енген кірме тілдік бірліктер алынды. Жұмыс барысында цифрландыру үдерісі кезінде ағылшын тілінің қазақ тіліне әсерін анықтауда лингвистикалық бақылау, қазіргі тілдік жағдаятты, ағылшын тілінің қазақстандық тілдік жағдаятта алатын орнын зерделеуде сипаттау әдісі, қазақ тіліне ағылшын тілі арқылы енген сөздерді анықтауда жинақтау, жүйелеу, талдау әдістері қолданылды. Мақалада ағылшын тілінің қазіргі Қазақстандағы тілдік жағдаятында алатын орнына егжей-тегжейлі сипаттама берілді, Қазақстан азаматтарының тілдерді білуінің статистикалық зерттеу мәліметтері келтірілді, әлемдік сауда, мәдениетаралық коммуникация, білім берудегі коммуникация, ІТ және цифрлық технологиялардың дамуы Қазақстанда ағылшын тілінің қарқынды енуіне қолайлы жағдай тудыратын фактор ретінде қарастырылды. Сонымен қатар әлемдік тіл ретіндегі ағылшын тілінен төнетін сын-қатерлер де айқындалды. Мақаланың нәтижелерін филологиялық білім беруде, тілдік жоспарлау саясатын жүргізуде қолдануға болады.
Түйін сөздер: жаһандық тіл, тілдік қатынас, тілдердің араласуы, тілдік өзгерістер, қазақ тілі, цифрландыру, жаңа тілдік бірліктер.