Ағылшын тілін оқытудағы жаппай ашық онлайн курс (ЖАОК) платформаларына салыстырмалы талдау
DOI:
https://doi.org/10.26577/EJPh2025197118Аннотация
Қазіргі таңда жаппай ашық онлайн платформалар мен курстар (ЖАОК) студенттердің білім алуындағы маңызды құралдардың бірі болып отыр. Бұл жаппай ашық онлайн платформалар мен курстар интернет арқылы онлайн түрде ұйымдастырылған білім берудегі барлық саланы қамтитын білім алушыларға арналған толық курс. Мақалада жоғарғы оқу орындарында оқытылатын «Академиялық жазу» пәні бойынша әзірленген онлайн курстың бакалавр студенттері, магистранттар мен докторанттарға маңыздылығын анықтау мақсатында ЖАОК платформаларда осы пән бойынша әзірлеп, ұсынылған курстарға контенттік талдау жасалынды. Зерттеу барысында Coursera, edX, Futurelearn, Openkaznu.kz және Udemy ЖАОК платформаларына шолу жасалынды. Аталған платформалардағы «Академиялық жазу» пәні бойынша әзірленген курстардың мазмұны, күтілетін нәтижесі, видео сабақтың ұзақтылығы, қорытынды емтихан формасы, толық курсың жүктелуі, бағалау саясаты және кері байланыстың түрлері қарастырылды. Зерттеу жұмысының мақсаты ұсынылып отырған ЖАОК курстарын жинақтау, жіктеу, оларға контенттік талдау жасап, ұқсастықтарымен айырмашылықтарын айқындап, ең жоғары деңгейде әзірленген «Академиялық жазу» курсын жоғары оқу орындары студенттеріне ұсыну. Талдау нәтижесінде Coursera платформасының “Writing in the Science” курсы мазмұны жағынан ең жоғарғы пайызды көрсетіп отыр. Зерттеу барысында Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде Openkaznu.kz жаппай ашық онлайн курсындағы “Academic writing: the structure of a research paper” курсының жақсы жақтары мен қарастырылмаған тұстары, кемшіліктері басқа әлемдік деңгейдегі университеттердің дайындаған курстарымен салыстыру барысында анықталды. Futurelearn, edX, Қазақстандың Openkaznu.kz курстарының мазмұны жағынан ұқсастықтарын көруге болады. Қорыта айтқанда, жас ғылмдар мен докторанттардың ғылыми мақалалар жазу барысында кездесетін кейбір қиындықтарды алдын алу үшін осы ұсынылып отырған курстар пайдалы болуы мүмкін.
Түйін сөздер: ЖАОК, платформалар, курс құрылымы, Академиялық жазу курсы, ағылшын тілін оқыту.