Көркемсөз стилистикасы: ғылыми талдау нәтижелері және зерттеудегі жаңа ізденістер
DOI:
https://doi.org/10.26577/EJPh.2024.v195.i3.ph01Аннотация
Ғылым саласының тарихын, қалыптасуын зерттеу және жүйелеу жаңа идеялар мен тың тұжырымдамалар жасауға негіз болады. Ғылымның жеке бір тармақтарының кешегісі туралы білім сол саланың бүгінгісін танып-білуге, әрі қарай саралап, тереңдете талдауға жол ашады. Қазақ тілтанымындағы көркемсөз стилистикасы қазақ әдеби тілінің дамуына тән сипаттар, функционалдық стильдердің саралануы, проза жанрындағы көріктеу құралдарының қызметі, жеке жазушылардың тілі мен стилі аспектілерінде қарастырылды.
Мақалада әлемдік лингвистикада, түркітануда және қазақ тіл білімінде проза жанрының тілі мен стиліне қатысты зерттеулердегі басты тұжырымдар жүйеленеді. Көркемсөз стилистикасының нысаналары мен әдіс-тәсілдерін антропоөзектік лингвистика, жазушының лингвокретивтілігі, коммуникативтік стилистика және сөз мәдениеті аспектілермен ұштастыра отырып зерттеудің өзектілігі және маңыздылығы дәйектеледі.
Зерттеудің негізгі идеясы мен мақсаты – біріншіден, жалпы стилистика, оның ішінде көркемсөз стилистикасы проблемалары туралы басты тұжырымдарды шолу түрінде жүйелеу. Қазақ тілтанымындағы көркемсөз стилистикасы қазақ әдеби тілінің дамуына тән сипаттар, функционалдық стильдердің саралануы, проза жанрындағы көріктеу құралдарының қызметі, жеке жазушылардың тілі мен стилі аспектілерінде қарастырылды.
Қазіргі кезеңде сөз мәдениеті проблемалары тереңдетілді, бұл ретте сөзді дұрыс, орынды жұмсаумен қатар сөздің коммуникативтік сапасын, коммуникативтік нысаналықты анықтау маңызды болып саналады. Қазақ көркемсөзін аталған ғылым салаларының әдіс-тәсілдерін пайдалана отырып талдау, интерпретациялау, бағалау жалпы стилистиканың, оның ішінде қазақ лингвостилистиканың дамуына теориялық және практикалық үлес қосады.
Түйін сөздер: көркемсөз, лингвостилистика, көркем шығарма, сөзқолданыс, талдау, интерпретация, бағалау.