Асқар Егеубаевтың ғылыми ізденістеріндегі көне әдеби мұралардың зерделенуі
DOI:
https://doi.org/10.26577/EJPh2025199315Аннотация
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ұлттық әдебиеттану ғылымы төл әдебиетіміздің тарихи бастау алған негіздерін еркін әрі объективті ғылыми таныммен зерделеп, жаңаша жазуға бет бұрды. Осы тұста ежелгі түркі халықтарының тарихы мен әдеби-мәдени өмірін баян ететін көне жазба мұраларды халқымыздың рухани игілігіне айналдыру бағытындағы ізденістер жасап, өзінің ғалымдық, қаламгерлік күш-қуатын аянбай жұмсаған зерттеуші-ғалым Асқар Егеубаев болды. Бұл мақаламызда филология ғылымдарының докторы, профессор, түркітанушы ғалым, әдеби сыншы, аудармашы А.Қ. Егеубаевтың әдебиеттанудағы сан-салалы ғылыми ізденістерін, тарихи-әдеби жәдігерлерді тәрімалаған аудармашылық еңбегін мен ежелгi түрiк мұраларын зерттеуге бағытталған ғылыми зерттеулеріндегі даралық қабілетін кешенді қарастыруды мақсат еттік. Ежелден тамыр тартқан қазақ әдебиетінің көркемдік жүйесін ежелгі түркі мұраларымен, көне жазба ескерткіштерімен байланыста зерттеген әдебиеттанушы ғалым Асқар Егеубаевтың әдебиеттану саласындағы еңбегі әлі күнге дейін ғылыми деңгейде зерттеліп, лайықты бағасын ала қойған жоқ. Қазақ әдебиеттануының бастауын түркі әлемінен тартып, тарихи-мәдени кеңістігіне жол нұсқаған ғалым зерттеулерін жаңа ғылыми таныммен саралап, баға берілуі зерттеудің тақырыптық өзектілігі мен маңыздылығын танытады. Сонымен қатар ежелгi түркi мұраларын зерттеуге бағытталған ғылыми еңбектерін саралау, әдеби ескерткіштер мәтінін кешенді зерттеудегі ғалымның дара ізденістерін айқындау мақаланың тың аспектілері мен жаңашылдығы болып табылады.
Түйін сөздер: ежелгі дәуір әдебиеті, көне түркі ескерткіштері, «Құтадғу білік», мәдени-тарихи мұралар.
