Медиамәтіннің теориялық негіздері мен коммуникативтік құрылымы
DOI:
https://doi.org/10.26577/EJPh202519935Аннотация
Бұл мақалада медиамәтіннің теориялық негіздері мен коммуникативтік құрылымы тілдік білім беру контексінде қарастырылады. Зерттеудің мақсаты – медиамәтін ұғымын қазіргі ғылыми көзқарастар негізінде жүйелеу және оны тілдік білім беруде қолданудың әдіснамалық мүмкіндіктерін айқындау. Медиамәтін қазіргі медиамәдениет аясында қалыптасқан пәнаралық зерттеу нысаны ретінде қарастырылып, оның ұғымдық қырлары мен теориялық негіздері зерделенді, негізгі сипаттамалары анықталды. Зерттеу әдістері ретінде теориялық және салыстырмалы талдау, сипаттамалық әдіс пен әдіснамалық модельдеу қолданылды. Нәтижесінде медиамәтінді қабылдау мен түсінудің әлеуметтік-мәдени ерекшеліктері ашылып, оны тілдік білім беруде пайдаланудың шарттары айқындалды. Медиамәтін тек ақпарат жеткізуші құрал емес, сонымен қатар күрделі әлеуметтік-коммуникативтік феномен ретінде ұсынылады.
Талдау нәтижесінде медиамәтінді зерттеудің бес тәсілі жүйеленді: сыни дискурстық, когнитивтік, мәдениеттанулық, партисипаторлық және педагогикалық. Бұл тәсілдер мәтінді лингвистикалық, стилистикалық, нарративтік, семиотикалық, контекстуалдық және дискурсивтік әдістермен үйлестіре талдауға мүмкіндік беретіні көрсетілді. Сонымен қатар зерттеуде Солганиктің медиамәтін динамикасының үш деңгейі – ішкі мәтіндік, астарлы мәтіндік және гипермәтіндік – әдіснамалық бағдар ретінде қолданылды.
Зерттеу нәтижесінде медиамәтінді кешенді түрде сипаттауға арналған үлгі ұсынылды. Ол құрылымдық (жанрлық және тілдік ұйымдасу), прагматикалық (аудиторияға бағдарлану және әлеуметтік-реттеушілік қызмет) және мәдени (құндылықтар мен мәдени кодтардың репрезентациясы) өлшемдерді қамтиды. Ұсынылған үлгі болашақ эмпирикалық зерттеулер мен білім беру тәжірибесінде медиасауаттылықты дамытуға әдістемелік негіз бола алады.
Түйін сөздер: медиамәтін, прагматикалық сипат, құрылымдық сапа, мәдени құндылық, талдау тәсілдері мен әдістері, мәтін интерпретациясы.
