Қазақ дүниетанымындағы «жусан» лексемасының лингвомәдени болмысы
DOI:
https://doi.org/10.26577/EJPh202520046Аннотация
Мақалада ата-бабамыз сонау бағзы заманнан бері қолданып келе жатқан қазақ халқының тілдік санасы мен дүниетанымында ерекше сакральды мәнге ие жусан лексемасының лингвомәдени, этномәдени болмыс-бітімі қарастырылады. Кез келген тілдің лингвомәдени концепциясын сол тілді қолданушы ұжымдық сананың дүниетанымынан, этномәдениетінен, тарихи жәдігерліктерінен, рухани болмыс-бітімінен, психологиясынан, ұлттық мәдени кодынан, салт-дәстүрі мен ырым-жоралғысынан бөліп қарау мүмкін емес. Осыған орай қоршаған ортадағы заттар мен құбылыстардың заттық-логикалық бейнесі тіл арқылы таңбаланады.
Әр этностың өмір сүру тарихында өзіндік құндылығы бар мәдениетпен тікелей астасып жататын дүниелер мол. Олар: өсімдіктер мен түр-түс атаулары, аспан денелері мен амал атаулары, жан-жануарлар мен оритонимдер, сандық жүйе мен өлшем бірліктері, туыстық атулар мен жастық-жыныстық атаулар. Біздің де ата-бабаларымыз табиғаттың төл перзенті ретінде қазақтың сайын даласындағы өсімдіктер әлемін жіті бақылап олардың небір асыл қасиеттерін өзінің ғұмырлық тәжірибесінде кеңінен пайдаланған. Жинақталған мол тәжірибелерінің негізінде өсімдіктердің тіршілігімізге – тірек, өмірімізге – нәр, кисек – киім, ішсек – тамақ, пайдалансақ – құрал, жатсақ – төсек, жазсақ – қағаз екенін «ұлы дала ботаниктері мен академиктері» ретінде терең де жетік білген. Сондықтан да көшпелі өмір сүру салтын берік тұтынған ата-бабаларымыз өсімдіктердің азықтық, шипалық және қоректік жағынан барынша хабардар болған. Сол себепті бұл мақалада дала жұпары саналатын «жусан» фитонимінің лингомәденитанымдық моделі мен алгоритмдік матрицасы кешенді жүйе ретінде қарастырылады.
«Жусан» лексемасының этимологиялық мәні мен жусан – атамекен, жусан – сағыныш, жусан – бозбала, жусан – балалық шақ, жусан – банк, жусан – дала жұпары, жусан – бағыт-бағдар секілді ассоциациялық қабаты мен символдық мәніне семантикалық талдау жүргізіледі. Тіліміздегі «жусан» фитонимі – ассоциациялық және символдық ерекшеліктерге ие семантикалық парадигма құрайтын лексема екені айқындалады.
Түйін сөздер: ассоциациялық қабат, жусан, лингвомәдениеттану, символдық мағына, лексема.
