Қазақ тілінің ұлттық корпусындағы Тайыр Жароков өлеңдерінің просодикалық талданымы
DOI:
https://doi.org/10.26577/EJPh2025199310Аннотация
Мақалада қазақ тілі ұлттық корпусының «заманауи-поэтикалық ішкорпус» базасы бөлігіне енгізілген поэтикалық мәтіндер просодикасының ерекшелігі талданады. Қазіргі таңда корпус базасына қазақ ақындарының өлеңдері мен поэмалары жинақталып, оның просодикалық белгіленімі қойылып, әр ақын өлеңдерінің ерекшеліктері айқындалып, метабелгіленім жасалды. Поэтикалық ішкорпус негізінде ақын өлеңдерінің ырғақтық-интонациялық құрылымы, буындық-әуездік жүйесі және бунақтық екпін үлгілері зерттелді. Өлең мәтінінің просодикалық ерекшелігі талданып, олардың поэтикалық экспрессивтілікке ықпалы анықталды. «Заманауи-поэтикалық ішкорпустың» мақсаты – жұртшылыққа қазақ ақындарының шығармаларын және оның просодикалық ерекшелігін көрсету. Осы тұрғыдан ішкорпус базасына енген өлеңдердің бунағы арнайы шартты белгілермен көрсетіліп, оның просодикалық жағынан әуенінің ерекшелігі көрсетіледі және өлең мәтінінің орфоэпиясы да беріледі. Мақала нысаны ретінде қазақтың көрнекті ақыны Тайыр Жароков өлеңдері алынды, оның «заманауи-поэтикалық ішкорпустағы» просодикалық ерекшелігі талданып көрсетілді. Мақалада ішкорпустың осы ерекшелігіне баса назар аударылып, Тайыр Жароков өлеңінің орфоэпиялық транскрипциясы сараланады. Қазақ тілінің орфоэпиялық нормасын сақтаудағы аталған ішкорпустың қызметі, қоғамдағы маңыздылығы сипатталады. Поэтикалық шығармалардың мазмұны, көтерген тақырыбымен қатар олардың просодикалық үндесімі де аса маңызды екендігі дәлелденеді. Бұл ішкорпус – ұлттық поэзияның табиғи интонациясы мен көркемдік құрылымын сақтау арқылы болашақ ұрпаққа көркем мәтінді сауатты жеткізуге мүмкіндік беретін маңызды ғылыми-әдістемелік құрал болып табылады.
Түйін сөздер: просодика, супрасегмент, орфография, орфоэпия, интонация, синтагма, метабелгіленім.
