Міржақып Дулатов пен Осмонаалы Сыдыков шығармаларындағы «ояну» мотиві
DOI:
https://doi.org/10.26577/EJPh2025199319Аннотация
Бұл мақалада ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы түркі халықтарының әдебиетіндегі ортақ құбылыс – «ояну» мотиві қарастырылады. Қазақ әдебиетінің ірі өкілдерінің бірі, ақын Міржақып Дулатов пен қырғыз әдебиетінің сол замандағы көрнекті ақындарының бірі, жазба әдебиетінің негізін қалыптастырушы Осмонаалы Сыдыков шығармалары негізінде бұл мотивтің мазмұндық, идеялық және әлеуметтік қырлары талданады. «Ояну» ұғымы ұлттық рухтың жаңғыруы, халық санасының серпілуі, білімге ұмтылу мен әлеуметтік әділетке жету жолындағы талпыныстарды білдіреді. Міржақып Дулатовтың «Оян, қазақ!» шығармасындағы ұлтты азаттыққа үндеу, білім мен мәдениетке шақыру идеялары отарлық езгі жағдайындағы халықтың саяси және рухани оянуына бағытталған. Ал Сыдыков туындыларында «ояну» мотиві қоғамдағы теңсіздікке қарсылық, халықты әділет пен ізгілікке үндеу арқылы көрініс табады. Мақалада екі ақын шығармашылығы салыстырмалы тұрғыда талданып, олардың ұлттық әдебиеттегі идеялық үндестігі айқындалады. Сонымен бірге «ояну» мотивінің қазіргі заманғы рухани-мәдени процестермен сабақтастығы да көрсетіледі. Бұл тақырыптың өзектілігі – өткен дәуір әдебиетіндегі идеялардың бүгінгі ұлттық сана мен қоғамдық дамуға әсерін ашып көрсетуінде. Сондай-ақ зерттеу нәтижелері ұлттық бірегейлік пен мәдени жадты жаңғыртудағы әдебиеттің маңызын айқындайды.
Түйін сөздер: поэзия, поэма, қазақ әдебиеті, қырғыз әдебиеті, «ояну» мотиві.
