Спонтанды және синтезделген сөйленістің просодикалық сипаттамаларын салыстырмалы талдау (қазақ және ағылшын тілдеріндегі Ted Talks бейне материалдары негізінде)
DOI:
https://doi.org/10.26577/EJPh202520047Аннотация
Зерттеудің мақсаты – қазақ және ағылшын тілдеріндегі спонтанды (аудиожазба материалдарына негізделген) және синтезделген сөйленістің просодикалық сипаттамаларына инструменталды және салыстырмалы талдау жүргізу. Мақалада просодика мәселесін зерттеуде кеңінен қолданылатын әдіс-тәсілдер қарастырылған. Сөйлеу материалының негізгі просодикалық параметрлеріне (тон жиілігі, қарқындылығы және темпі) акустикалық талдау жүргізілген. Салыстырмалы талдау үшін ағылшын және қазақ тілдерінде әрқайсысы 10 TED Talks бейнебаяндамасы бар корпус жинақталды, олар кейін транскрипцияланып, заманауи сөйлеу синтезі жүйелерін пайдалана отырып, аудиофайлдарға түрлендірілді. Акустикалық талдау Praat бағдарламасы және біз әзірлеген ProAG-2025 бағдарламасы (қорғалған құжат № 58731, 2025 жылғы 27 мамыр) арқылы жүргізілді. Бұл мақалада синтезделген сөйленіске қарағанда спонтанды, яғни табиғи сөйленістің просодикалық сипаттамалары біршама өзгеше деп, ал синтезделген сөйленіс табиғи сөйленістен статистикалық тұрғыдан маңызды акустика-просодикалық ерекше белгілерге ие деген болжам айтылады. Инструменталды талдау нәтижелері синтезделген сөйлеудің құрылымдық сәйкестігіне қарамастан, оны табиғи сөйлеуден сенімді түрде ажыратуға мүмкіндік беретін параметрлер жиынтығын сақтайтынын растайды: амплитудалық және жиілік контурларының біркелкілігінің артуы, стохастикалық вариациялардың болмауы және жеңілдетілген ырғақты-үзіліс үлгісінің болу және т.б. Алынған деректер сөйлеуді синтездеу алгоритмдерін одан әрі жетілдіру, табиғилық дәрежесін арттыру және медиа қолданбаларының коммуникативтік тиімділігін оңтайландыру үшін практикалық маңызға ие.
Түйін сөздер: спонтанды сөйленіс, синтезделген сөйленіс, просодика, акустикалық параметрлер, тоналдылық, дыбыс жиілігі.
