Ғылыми стильдің шағын түрлері және оны оқыту жолдары
DOI:
https://doi.org/10.26577/EJPh2025200421Аннотация
Қазіргі таңда ғылым мен техниканың қарыштап дамуына байланысты ғылыми еңбектер мен әдебиеттердің саны жыл санап артып келеді. Толассыз ақпарат заманда ғылыми мәтіннің тілін жай түсіну жеткіліксіз, оны сыни тұрғыдан талдап, өзіндік дербес көзқарасы қалыптасқан тұлға тәрбиелеу аса маңызды. Мұндай дағдыларды жүйелі түрде дамыту, ең алдымен, мектеп қабырғасындағы білім алушылардан бастауды қажет етеді.
Мақалада ғылыми стильді ішкі шағын тармақтарға жіктеуге қатысты отандық және шетелдік ғалымдардың көзқарастарына шолу жасалып, таза ғылыми шағын стиль, ғылыми-көпшілік шағын стиль және ғылыми-оқулық шағын стильдің тілдік-құрылымдық ерекшеліктері, оларға тән стильдік белгілері ажыратылды. Ғылыми стильді подстильдік тармақтарға бөлу мәселесінде зерттеушілер арасында әлі де бірізді пікірдің жоқтығы анықталды.
Барлық подстиль тіл нормаларын қатаң сақтап, ғылыми заңдылықтарға негізделіп, дәлелді және объективті деректерге құрылғанымен, олардың әрқайсысы белгілі бір мақсатты аудиторияға (адресатқа) бағытталады. Осы тұста оныншы сынып оқушылары ғылыми мәтіннің тілдік сипатын адресат тұрғысынан қарастырды. Білім алушылардың ғылыми ақпаратты жеткізуші тілдік бірліктерді меңгеру деңгейін, ғылыми тілде еркін коммуникация орнатып, сөйлеу дағдысын қалыптастыруына кедергі болатын негізгі мәселелерді анықтау мақсатында эксперимент жүргізілді. Арнайы сауалнама нәтижесі білім алушылардың ғылыми мәтінмен жұмыс барысында тілдік құралдар мен терминдерді, жаңа сөздерді игеру деңгейін бағалауға мүмкіндік берді. Алынған эксперимент қорытындылары алдағы уақытта ғылыми мәтінді тиімді оқытуға арналған тапсырмалар кешенін әзірлеуге негіз болды.
Түйін сөздер: ғылыми стиль, ғылыми стильдің тармақтары, таза ғылыми шағын стиль, ғылыми-көпшілік шағын стиль, ғылыми-оқулық шағын стилі, оқыту, әдістеме.
