Әбіш Кекілбаевтың «Аңыздың ақыры» романындағы психологизм.
DOI:
https://doi.org/10.26577/EJPh.2021.v182.i2.ph12Аннотация
Мақалада қазақ әдебиетінің классигі Ә. Кекілбаевтың «Аңыздың ақыры» романына психологиялық талдау жасалады. Зерттеу барысында шығарма кейіпкерлерінің ішкі әлемі мен мінез-құлқы қарастырылады, уақыт пен кеңістік категорияларының ерекшелігі мен табиғатына сәйкес сол дәуірге тән халықтың дәстүрлері мен өмір салты сипатталады. Жұмыста романда бейнеленген барлық адамдардың көңіл-күйі мен ойлары ашылады, олардың сана ағымы көрсетіледі. Қазіргі әдебиеттануда ұсынылған көркем шығарманың психологизмін зерттеудің әртүрлі әдістері мен тәсілдерін қолдану негізінде жазушы шығармашылығында көркемдік құралдарды үйлесімді қолдану дәлелденді. Мақалада идеяны іске асырудың толықтығы, автордың көркемдік шешімінің жетілуі кейіпкерлердің психологиялық жағдайын, олардың айналасындағы әлемді, олар өмір сүретін дәуірді шебер сипаттау арқылы қол жеткізілетіні көрсетілген. Талдау барысында Әмірші образы жан-жақты күрделі образ екені айқындалды. Көркем шығарма психологизмі пәнаралық зерттеулерді талап ететін ғылым саласы ретінде әлем және қазақ әдебиеттануында негізгі зерттеу нысанына айналып келеді. Қазіргі уақытта әдебиеттің әртүрлі жанрларында психологизмнің жаңа сипаты көрініс табуда. Әдебиеттануда психологиялық талдаудың инновациялық әдістері мен тәсілдері белсенді дамуда. Қазақ әдебиетінде Ә. Кекілбаев шығармашылығы өзінің психологизмнің жарқын мысалы бола алатындығымен ерекшеленеді. Шығармадағы әр деталь, көркемдік шешім оқырман қабылдауында эстетикалық әсер қалдырады. Зерттеу қорытындысы жазушы романы арқылы көркем шығарма мен психологизмнің ажырамас бірлікте болатынына көз жеткізеді.