Қазақ тіліндегі метафоралау әдісі арқылы жасалған компьютер терминдері
DOI:
https://doi.org/10.26577/EJPh.2022.v185.i1.ph1Аннотация
Терминология ұғымдарға нақты атау беру үшін түрлі әдіс-тәсілдерді қолданады. Мақалада термин жасауда, семантикалық тәсілге жататын метафоралау әдісіне жан-жақты сипаттама беріледі. Мақаланың негізгі мақсаты – ғылым тіліндегі метафоралау әдісінің ерекшелігін көрсетіп және қазақ тіліндегі метафоралану әдісі арқылы жасалған компьютер терминдерін когнитивті аспектіде қарастырып, талдау жасау. Метафора тек тілдік бірлік емес, сонымен бірге ойлау элементі ретінде когнитивтік лингвистика, психолингвистика, лингвомәдениеттану аспектілерінде қарастырылатындығы айтылады. Сонымен қатар мақалада метафораға қатысты қазақ және шетел ғалымдарының ой-пікірлері сипатталады. Метафоралаудың терминжасамдағы негізгі түрлері ретінде формасына, функциясына, орнына қарай ауыстырулары көрсетіледі. Мақалада тілімізге орта ғасырда араб-парсы тілінен еңген, қазақ тіліне фонологиялық тұрғыдан бейімделіп сіңісіп кеткен кірме сөздермен тілімізге фонологиялық тұрғыдан бейімделмеген кірме терминдер де метафоралану әдісі арқылы жаңа ұғымды иеленіп терминдік жүйе құрайтындығына көз жеткіземіз. Сонымен қатар термин қалыптастыруда метафоралану әдісі арқылы, ұлттық танымға сәйкес жасалған қазақ тілінің төл-сөздерінде кездестіреміз. Қорытындылай келгенде, терминологияда метафора номинативтік қызмет атқарып, яғни жаңадан туындаған ұғымды таңбалауға қатысады. Сонымен қатар жаңа ұғымның қалыптасуына тікелей әсер ететін маңызды фактор болып есептеледі. Түйін сөздер: метафора, метафоралау, терминология, термин, компьютер терминологиясы, кірме терминдер.