Ағылшын тіліндегі сөзжасам жүйесіндегі қос сөздер
DOI:
https://doi.org/10.26577/EJPh.2022.v185.i1.ph10Аннотация
Зерттеудің өзектілігі ағылшын және қазақ тіл білімдерінің сан салалы теориялық ұстанымдары бүгінгі күнде аудармаға қатысты зерттеулердің негізгі бағыт-бағдарын анықтауға, маңызды қорытындылар шығаруға мүмкіндік беретіндіктен, бұл тілдердегі материалдарды бір-біріне шебер аударудың жалпы және жеке лингвистика шеңберіндегі өзіндік заңдылықтарын сұрыптау және осы тұрғыдағы жұмыстардың өзге ізденістер қатарында алар орнын нақтылау қажеттігі ғалымдардың алдына тың мәселелер қойып отырғаны даусыз. Осыған орай, ағылшын тіліндегі қос сөздерді қазақ тілінде берудің түрлі әдіс-тәсілдері де құнды зерттеулердің дүниеге келуін қамтамасыз етер алғышарттар қатарын құрауда. Ағылшын тіліндегі қос сөздер мен олардың қазақ тіліндегі баламаларын тексеру бүгінгі тіл білімінің алдында тұрған күрделі мәселелердің бірі екендігінде дау жоқ. Себебі еліміз бүгінгі таңда түрлі халықтар арасындағы әдеби-мәдени байланыс пен дамудың дәнекері болып табылатын аудармаға, соның мәселелеріне үлкен мән беруде. Осы орайда аударма саласында қаншама көп жұмыстар атқарылып жатса да, әлі де бұл саладағы еңбектерді молайтудың теориялық және практикалық маңыздылығын жоққа шығара алмаймыз. Сондықтан ағылшын тіліндегі қос сөздердің қазақ тіліндегі трансформацялық модельдерін қарастыру жұмысы мәселені толығымен жоймаса да, осы бағыттағы ізденістерге белгілі бір үлес болуға мүмкіндігі бар. Осыған дейінгі еңбектерді зерттеліп, озық тәжірибелерінен үлгі алу еліміз бен өзге халықтар әдебиеті мен мәдениеті арасындағы байланыстарды нығайтуға, өркендетуге айтарлықтай септігін тигізерін ескерсек, шет тіліндегі, соның ішінде ағылшын тіліндегі қос сөздердің сипаты, олардың қазақ тіліне аударылу жолдары туралы ғылыми зерттеулер зәрулігі мен қажеттілігі анық сезіледі. Түйін сөздер: редупликация, семантика, қолданылуы, сөзжасам, сөздік, лексика, социолингвистика, жалпы тіл білімі, салыстыру.